Рухани жаңғыру және цифрлы басқару
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасының бастамасымен басталған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы – бүгінде қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитын, ұзақ және қысқамерзімді перспективадағы жан-жақты даму векторларын айқындайтын, ұлттық деңгейдегі және қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеалогиялық платформасына айналған мегажоба.
Себебі, заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылым және басқа да түрлі бағыттарды жетілдіруде, жалпы жаңа қазақстандық патриотизмді дамытуда едәуір серпіліс берген бірегей бағдарлама. Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, "Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу... Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі жақсы жақтарын қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды".
Рухани жаңғыру идеясы атамекенмен ұлттың бір болуын, үнемі ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын негіздейді. Рухани жаңғыру ұлттық болмыстың негізінде мемлекет өмірінде қалыптасатын интеллектуалдық өріс. Ол жеке адамды, ұрпақты, ұлтты, халықты табиғаттан, өзінің төл болмысынан ажыратып алып кетпейді, керісінше өз болмысының әлеуметтік рухани негіздерін сақтай отырып оны нығайтуға, қорғауға, сақтап қалуға ықпал ететін ұғым, ұлттық деңгей, бір ұрпақтың мемлекеттің тарихы мен болашағы алдында жасайтын, қол жеткізетін жетістігі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев халыққа арнаған "Төртінші өнеркәсіпті революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" Жолдауында жоғары оқу орындары алдына цифрлық білім беру ресурстарын дамыту міндетін қойып, цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартуда аса қажет екенін айтқан болатын.
Президентіміз Қ. Тоқаевтың халыққа жолдауында: "Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту. Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек", - деп нақты көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның, ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті. Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Адамзат тарихы өнеркәсіптік революциялардың бірнеше сатысынан өтті. Бірінші өнеркәсіптік революция қоғам мен экономикалық құрылымға ерекше ықпал жасады. Бу қазандығының пайда болуы қалалардың өрлеуі және алғашқы зауыттардың ашылуына әсер етуімен қатар, өндірістің дамуына қажетті нақты ғылымдардың ілгерілеуіне серпін берді. Екінші өнеркәсіптік революцияның негізгі қозғаушы күші болған электр қуаты өндіріс екпінін үдете түсті. Өнеркәсіптік революцияның үшінші кезеңі сандық технологиялардың қалыптасуы және оның өндірісте енгізілуімен ерекшеленді. Бүгінде технологиялар тез өзгереді және ескіру жылдамдығының шапшаңдығы өте жоғары. Жоғарыда атап өткеніміздей, өнеркәсіптік революция ретінде сипатталатын индустрияландыру процесі осы уақытқа дейін үш кезеңнен өтті. Әрбір кезеңнің өзіндік мазмұндық және сипаттамалық белгілері болды. Төртінші өнеркәсіптік революцияның негізгі өзегін өнеркәсіпті цифрландыру және киберлендіру, өнеркәсіптік Интернет, роботтандыру, 3D-жобалау және баспа қызметі құрайды.
Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат тұтқан әлем мемлекеттері жаппай ұстанып отырған тренд. Аталған айтулы үрдіске ілеспеген, ең бастысы, бел шешіп кіріспеген жағдайда, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болатындығы сөзсіз.
Білім және ғылым саласын цифрландыруды дамыту бойынша елде үш бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Біріншісі – орта білім жүйесін ақпараттандыруды дамыту, екіншісі – білім беруді және ғылымды басқару үрдісін автоматтандыру, үшіншісі – ІТ мамандарын даярлау. Білім сферасындағы цифрландырудың ең басты міндеті – білім беру сапасын арттыру, яғни халықаралық дейгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде "жасанды интеллект" және "ауқымды деректер" жасау саласында бәсекеге қабілетті Ел жастарын дайындау.
Елімізде жаңа технологияны жетік меңгере түсу үшін "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы қабылданып, ол 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда экономиканың салаларына цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау. Интернет желісі қолжетімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шалғайдағы ауылдарға да қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы санды технологияны ендіру үшін жасалған қадамдар болатын. Айналасы бірнеше жылдың ішінде қазақстандықтар неше түрлі ұялы телефондарды ұстады. Жыл өткен сайын олардың функциялары өзгеріп, мүмкіндіктері де арта түсті. Алғашқыда тек байланыс құралдары үшін қолданылған қолақпаңдай телефондар бірте-бірте айфон, айпад, смартфондарға ауысты. Бүгінде ұялы телефоныңыз тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар, интернет желісіне еркін қосылатын компьютер іспетті. Адамдар ұялы телефондарына сан алуан әлеуметтік желілерді жүктеп, қоғамда орын алған оқиғаларға байланысты ой-пікірлерін білдіретін болды. Сондай-ақ, ұлттық жерсеріктік "OTAU TV" теле-радиохабар тарату желісі іске қосылып, отандық арналардың аудиториясы кеңейіп, мүмкіндігі арта түсті. Нәтижесінде республикамыздың әрбір аймағынан хабар тарататын облыстық телеарналарды еліміздің кез келген өңірінен көруге болады.
Елімізде төтенше жағдай қабылданғаннан кейін қашықтықтан оқыту ісі қолға алынды. Теледидар арқылы сабақ өткізу бұл - тіптен жаңа формат. "Балапан" және "Ел Арна" телеарналары арқылы балаларды оқыту жүргізілуде. Қашықтан оқыту мәжбүрліктен туған шара. Иә, Білім және ғылым министрлігі әрекет жасап жатыр. Дегенмен, бәрі керемет деп айту әлі ертерек. Бәрі керемет болуы үшін интернет байланысы желісіне жауапты министрлік, тұрғындарды кедейшіліктен құтқаруы тиіс министрліктер тізе қоса әрекет етіп, интернетке жалғанған компьютерсіз бір де бір оқушы болмауы тиіс. Сонымен қатар біз қолданып отырған цифрлы технологиялардың барлығы шет елде жасалған, сондықтан да шеткі нарыққа тәуелдіміз. Екіншіден, осы ақпараттық технологиялардың ұлттық мемлекеттік тұрғыдан қорғалуына да кепілдік жоқ. Үшіншіден, еліміздің ақпараттары алпауыт елдердің бақылауында екендігі де қаперге алғанымыз абзал. Сондай-ақ цифрландыруда бюрократиялық басқару аппараты мұғалімдер мен оқытушыларды түрлі есептер беру, т.б. қағаз бастылыққа көміп тастаған. Бұның өзі аталған бағдарламалардың іске асуына түрлі кедергілер келтіруде. Қазақстандағы цифрлы байланыс жүйесіндегі кемшіліктердің бірі шекаралық аймақтарда тұратын ауыл-аймақтардың қазақстандық байланыс жүйесінен гөрі жақын шет елдің байланыс жүйесіне тәуелділігін айтуға болады. Мысалы, Ресеймен шекаралас аймақтарда Ресейлік байланыс жүйесіне, Қырғызбен шекаралас аймақтарда қырғызға, Қытаймен шекарас аудандарда қытай байланыс жүйесіне тәуелділігімізді жасырмай айту орынды. Осы көршілес елдердегі мобилдік байланыс жүйесі елдіміздің тарифтерімен салыстырғанда өте арзан. Ал бізде керісінше, ғарышқа қанша жасанды жер серігін ұшырдық, сол мүмкіндікті әлі толық пайдалана алмаудамыз.
Өндірісті роботтандыру – өнеркәсіпті автоматтандыруда роботтар көмегіне жүгіне отырып, жүзеге асырылатын дамытудың процесі және жасанды интеллектті қалыптастырудың бір сатысы. Әрине, роботтандырудың өндіріс үшін экономикалық артықшылықтары басым болғанымен, бұл адамзат үшін жұмыс орындарын айтарлықтай қысқартуы мүмкін. Тасымалдау құрылғыларының жаппай енгізілуі электрондық құжаттаманы дамытқанымен, толық электрондық бағыныштылыққа әкеледі. Бұл ең алдымен электр жарығына толықтай тәуелділік, жадылардың толуынан материалдардың жаңылуына немесе Интернет кеңістігіндегі кибер-шабуылдар секілді т.б. қатерлерге әкелуі ықтимал. Индустрияландыру өзінің барлық кезеңдік тарихында ауаның ластануына ықпал етуі арқылы экологиялық мәселелерді елемеуі тұрақсыз өндіріс моделіне әкелді.
Төртінші өнеркәсіптік революциясының басты міндеті тұрақты өнеркәсіптік даму қағидаларын жүргізу болып табылады. Қалдықтарды барынша азайту, табиғи ресурстарды саналы түрде пайдалану, шикізатты тиімді пайдалану өнеркәсіп салаларының тұрақты қызмет атқаруының кілті болмақ. Экологиялық ахуалға да біршама ықпалы болатындығы анық. Көп жағдайда ауаның ластануына кедергі болғанымен, кеңістікте таралатын толқындардың зияны бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Кез келген технологияның пайдалы және зиянды жақтары бар екендігін қаперден шығармауымыз керек.
Архив және кітапхана мекемелерін цифрландыру өте баяу жүруде. Қазақстан бойынша архив саласында электронды архив ісіне көшуде Президент архивінде ғана іс алға жүруде. Шетелдік кітапхана қорларында цифрландыру мен кітаптардың электронды нұсқаларын оңай жүктеу ісі жақсы жолға қойылған. Еліміздегі кітапханалар жүйесінде электронды кітаптарды тегін жүктеу ісі әлі дұрыс жолға қойылмаған. Бұл тұста көршілес Ресей, Қырғызстан елдерінен үйренер жеріміз баршылық.
Қазақстанда ақпараттық технология саласын меңгерген адамдарға мұқтаждық бар екеніндігі соңғы жылдары біліне бастады. Елімізде IT саласында бәсекелестік мүлдем дамымаған, жаңа технологияларды білетін техникалық мамандарға сұраныс өте көп – жергілікті компаниялар ол жоқтың орнын өздерінше толтыруға мәжбүр. Сондықтан кейбір қазақстандық интернет ресурстар техникалық проблемаларын шешу үшін ресейлік не украиналық IT компаниялардың көмегіне жүгінеді. Ол компаниялар бөлімшелерін ашып, Қазақстанға қызмет көрсетіп жүргендігі аян. IT маман бойынша Қазақстанда жаңа технологияны меңгеру қарқыны өте баяу, елдің бұл салада танымал өнім жасай алмай, әлі тұтынушы болып келе жатқанымыз қалың жұртшылыққа белгілі. Қазақстандық сайттардың 70-80 пайызы тегін Open Source (ашық бағдарламалар) жүйесі негізінде, мәселен, Wordpress платформасы арқылы жасалған. IT бойынша Қазақстанда бірнеше университет қана білім береді. Сондықтан да нарықтағы кадр тапшылығынан құтылу үшін белгілі бір салаға маманданған адамдарды көбірек оқыту бүгінгі күннің талабы. Тағы бір маңызды мәселе – цифрлық трансформацияға өту кезеңіндегі қауіпсіздік кепілдігі. Бастысы халықтың жеке мәліметтерінің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету керек. Ондай жағдай жасалмаса, адамдар өзгерістерді қабылдауға ниетсіз болады. Ал халық қолдамаса, цифрлық трансформация сәтсіз болады деген сөз. Бұл өте маңызды. Киберқауіпсіздік тұрғыдан алып қарасақ, мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен оларды хакерлерден қорғау керек. Халық өз мәліметтерінің дұрыс сақталғанын, қорғалғанын, сондай-ақ қолданылғанын қалайды. Оны қамтамасыз етудің бір жолы халыққа компаниялар және мемлекеттік органдар мәліметтерді қалай қолдап жатқандығын білуге мүмкіндік беру қажет. Көп елдерде жеке қаржы туралы ақпарат алуға болатын кредиттік мекемелер бар. Бұл бастаманы денсаулық сақтау, білім беру сияқты басқа да салаларда енгізуге болады. Бұл мәліметтердің тиісті түрде сақталуын және олар кімге қолжетімді екенін көру үшін керек.
БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі Халықаралық телекоммуникация одағының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуы индексіндегі 30 озық елдің қатарында Қазақстан жоқ. Бұл ел осы индекске кірген 175 елдің арасында 52-орында. Бұрынғы постсоветтік елдер бойынша бұл тізімде Қазақстаннан озғандар – Беларусь (31-орын) пен Ресей (43-орын). Тізімнің басында Оңтүстік Корея, Исландия мен Дания тұр.
Қазақстанда IT саласын дамыту жайын билік те жиі сөз қылады. Мысалы, Елбасы Н. Назарбаев "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" деп аталатын жолдауына қарағанда, Қазақстан ақпараттық технологияны дамытуды «30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеудің» басты құралы деп біледі. Елдің "цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуі тиіс" екенін айтқан Назарбаев үкіметке ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауды, «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырғанына да біраз уақыт өтті.
Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыруды енгізу. Оқушылардың жүктемесін төмендету. Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес инкубаторларының желісін құру. Бүгінгі күн талабы екендігі даусыз. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту. Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт: Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағыттау. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару қажеттігін өмір өзі көрсетіп отыр. Қоғам кәсіби маманданған, өзін-өзі ұйымдастыра алатын, әлеуметтік дағдылары қалыптасқан тұлғаны таңдайды. Сондықтан еліміз үшін рухани дүниетанымы бай, іскер, білімді азаматтардың қызметіне сұраныс артады.
Жамиға ТАҢАТАРОВА,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі