«Рухани жаңғыру»: Түркістанда 10 кітап жарық көрді
Астана, BAQ.KZ. Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасында орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған 10 кітаптың таныстырылымы өтті.
Әдеби кешті танымал жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Кітаптардың тұсаукесерінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгерлердің қоғамдағы орны ерекше екеніне тоқталды.
«Ақын-жазушылар, қолына қалам ұстаған тұлғалар – қашан да ұлттық құндылықтардың насихаттаушылары әрі қоғамның тірегі. Қазір Түркістан облысы тарихи кезеңді бастан өткеруде. Міне, осы тарихи кезеңде қаламгерлерлер қауымының облыстың дамуына қосатын үлесі орасан зор. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір пұшпақ. Сіздердің облыстың руханиятына қосып отырған үлестеріңіз бен еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Өйткені, өзім де қаламгер ретінде қалам ұстаудың не екенін, шығармашылық адамдарының қаламды тербетіп отырып қандай азап шегетінін жақсы білемін. Бүгін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының тікелей қолдауымен жарық көрген 10 кітап оқырманға жол тартқалы тұр. Облыс әкімдігі тарапынан руханиятқа, әдебиетке қолдау көрсету жалғасады. Бәріміз бірігіп жұмыс істеп, Түркістанды түлетуге үлес қосайық», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Бұл кітаптар облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жарық көрген. Кітаптардың авторлары – елге белгілі қаламгерлер. Атап айтсақ, Мархабат Байғұттың «Аршакие», Ханбибі Есенқарқызының «Жібек», Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Момбек Әбдіәкімұлының «Зобалаң», Есқара Тоқтасынұлының «Беласқан», Захардин Қыстаубайдың «Жүректің сөзі», Нұрғали Қыдырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Сәрсенбек Сахаббаттың «Қырғауыл қонған жидетал» сынды туындылары оқырманға жол тартты. Сонымен бірге Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетай, Әлімжан Әлішер, Батырхан Сәрсенхан, Нүркен Нұрғазы, Сүндет Сейітов, Мақпал Төребек, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек және Гүлшырын Жұмабай сынды жас ақындардың шығармалары «Түркістан түлектері» деген кітапқа топтастырылған.
Әдеби ортаға серпіліс берген жиында Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Қасымхан Бегманов және өзге де қаламгерлер кітаптардың жарық көруіне үлес қосқан азаматтарға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, әдебиетін қолдаған елдің болашағы жарқын болатынын айтты. Түркістан облысында алдағы уақытта да "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жалғасады.