Ұлттың рухани жаңғыруы - Отанды танудан басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 12 сәуірде Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласы жарияланғанына ү жыл толды.

Осыған орай "рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға сараптамалық көзбен қарау қоғамдағы қалыпты жағдайға айналды.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның Жастармен жұмыс бөлімінің аға маманы Толғанай Насихатқызы аталған бағдарламалық мақалаға қатысты өз ойын ортаға салды.

Руханият деген сөзді естісем, ұлт-зиялыларының ұрпағына қалдырған өнеге-өсиеті, бабалар аманаты, ұлттық таным-болмысы көз алдыма елестейді. "Мен қаншалықты рухани баймын" немесе "Жаныма қаншалықты рухани азық беріп жатырмын" деген сұрақтарды қоса қоямын өзіме. Сананы тұрмыс билеген заманда өмір сүріп жатырмыз, қала берді күн сайын дамыған техника, сан құбылған қоғам бар. Осынау дүрбелең заманда мен, жетпейтін уақыттың қайсысын рухани жаңғыруға арнамақпын деп толғанатыным құпия емес. Десе де, осыдан үш жыл бұрынғы Елбасымыздың қоғамның рухани ілгерілеуіне жол ашқан бір ғана бағдарламасы – қаншама жас өреннің өміріне оң өзгеріс әкелгенін ойласам, шаттықтан шат-шадыман күй кешемін. "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының өзі көзі ашық, көкірегі ояу жасқа дем беріп, қазақи танымын кеңейте түседі. "Ауруын жасырған өледі" демекші, жасырып қайтеміз, жеті атасын білмейтін жігерсіздер, тарихын танымас талайы бір топ жас қауым бар. Біз сөз етіп отырған бағдарлама, оларға да әсер етіп, бір уақыт болсын қаны ғана емес, жаны да қазақ екенін еске салса керек. Сөзіміздің дәлелі болсын, мен кешегі – студент, бүгінгі – қызметкер ретінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Менің елім" бөлімі бойынша қай бір жылдары қазыналы-базыналы Оңтүстікке барған сапарымыз жайлы аз-кем айта кетсем деймін – дейді ол.

Толғанай Насихатқызы рухани жаңғыру аясында қолға алынған "туған жер" бағдарламасының жастарға және келер ұрпаққа берері мол.

Арқаның аязында, Сарыарқаның самалында өскен біздей Солтүстік өлкенің өрендері Оңтүстікке ат басын бұрып көрген емен еді. Сол жылдары университет басшылығының қолдауымен һәм еліміздің тарихи орындарын тану мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысына сапар шектік. Сыр елі, жыр елі Қызылордадан басталған сапар, тарихы терең Түркістан, шырайлы қала Шымкентпен жалғасқан еді. Жоғарыда айтқанымдай, Шығысы бар, Батысы бар, Солтүстіктің жастары, бұрын келіп көрмеген, тек кітаптан оқып, суреттен көретін Қорқыт баба жерленген жерді, Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстанбаб кесенесін көргенде, Қазақстан дейтін сан ғасырлық тарихы бар мамыражай мекенде туғанына қуанып, өмір сүріп жатқанына Тәңірге тәубе дегенін өз құлағымызбен естідік. Тарихқа бай Тараз шаһарына барып, Айша Бибі кесенесін көріп, тарихтан тағылым алған замандас құрбы қыздарым - қазір шашынан шолпысын тастамайды. Қонақжай халықпыз ғой, Шым қаланың ағарман пейіл, айрықша ықтиярлы қонақ күту әдебін аңғарған достарым - әлі күнге дейін көрісе қалсақ, шыны-аяқ шайсыз жібермейді. Қызылорданың күміс көмей әнші, жырау-жыршыларының ән-термелерін тыңдаған тетелесім - бүгінде домбыра үйреніп, халық әндерін тыңдаудан жалығар емес. Мінекей, осындай сан түрлі саналы іс-әрекеттер мен өзгеше өзгерістер жастардың нағыз рухани жаңғырып, рухани өскенін көрсетпей ме? Ендеше, осы ретте елімізге енген бағдарламаға, енгізген Елбасыға сан мәрте алғыс айтамын – дейді маман.

Ол рухани жаңғыру бағдарламасы ертеңгі ел иесі болар бүгінгі жастарға берері мол.

Аңғарсам, Оңтүстікке жасаған саяхатымызға үш жыл толыпты. Уақыттың қайтіп зымыранша өтіп, сынаптай сырғып жатқанына қайран қаламын. Иә, бағдарламаға да үш жыл толып отыр. Мен бұл бағдарламамен қоса, Елбасының кейінгі жарияланған мақаласының бірі "Ұлы даланың жеті қыры" сынды ұлттық сипаттағы дүниелердіңәлі талай жастарға жол сілтеп, талай қауымның рухани өрлеуіне септігін тигізеріне сенемін. Өйткені бүгінгі тарихын танып, елін сүйер жас буын – ертеңгі елінің іргетасын қалар ер – дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы