Рухия Байдүкенова: «Славян базары» үшін 23 келі салмақ тастадым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы айтулы доданың жүлдегері Рухия Байдүкенова онлайн түрде өткен баспасөз конференциясы кезінде айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Витебск қаласында өткен «Славян базары» байқауында отандасымыз тартысты додада оқ бойы оза шауып, гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын.
Әуелеген әнімен Беларусь елінің аспанын әнге бөлеп, ел намысын асқақтатқан әнші қыз байқауға тыңғылықты дайындалғанын алға тартты.
Бала кезімнен «Славян базары» байқауын үзбей көретінмін. Анама: «Мен осы байқауда жеңіске жеткен қыздардың қатарында боламын» деп үнемі айтатынмын. «Славян базарына» үш ай бойы дайындалдым. Күн сайын вокалмен айналыстым. Дода үшін 23 келі салмақ тастадым, - деп ағынан жарылды Рухия.
Оның айтуынша, музыкамен кәсіби түрде мектеп қабырғасынан бері айналысып келеді екен. Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал бойынша 7 жыл білім алған. Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін тәмамдаған соң аталған білім ордасының университетіне түскен.
Болашақта шетелден ұсыныстар түссе, қуана келісетіндігін айтқан әнші Қазақстанның игілігі үшін еңбек етемін деп отыр. Сонымен қатар авторлық тренингтер өткізіп, бейнебаян түсіргісі келетінін жасырмады. Әлемдік телевизиялық жобаларға қатысқысы келетіндігін алға тартқан әншінің арманы асқақ.
Ал «Славян базары» байқауында оған Димаш Құдайберген кеңестерін айтып, қолдау білдіріпті.
Негізі менің даусым қатты шығады. Димаш маған байқау алдында дауысымды жұмсартуға көмектесті. Дәл байқау күндері Димаш қазылар алқасының құрамында болғандықтан, онымен сөйлесе алмадық, - дейді байқау жеңімпазы.
Естеріңізге сала кетейік, «Славян базарында» Рухия Байдүкенова Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесін жеңіп алды. Сондай-ақ 20 мың АҚШ долларын иеленді.