9 Қараша 2026, 17:22 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Рух күшінің үлгісі»: Президент параспортшы Айсұлу Сүлейменованың Азия Пара ойындарындағы рекордын ерекше атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев параспортшы Айсұлу Сүлейменованың Жапонияда өткен V Азия Пара ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан жетістігіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы спортшының жетістігін Ақордада өткен XX жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде ерекше атап өтті.

Айсұлу Сүлейменова 100 метр қашықтықты 16,18 секундта жүгіріп өтіп, T62 санатында Азия рекордын орнатты. Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша ол бесінші орынға ие болды.

Президент қазақстандық спортшылардың жетістіктері еліміздің халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деп айтуға болады. Спортшыларымыз әлемдік аренада жоғары жетістіктерге жетіп, еліміздің абыройын арттыруға зор үлес қосуда. Осы орайда Пара ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың жетістігі ерекше назар аударуға тұрарлық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Айсұлу Сүлейменованы қайсарлық пен мақсатқа ұмтылудың жарқын үлгісі деп атады. Президент спортшының өмірлік қиындықтарға қарамастан, алға қойған мақсаттарына жетіп қана қоймай, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласып жүргенін атап өтті.

Қазақта «Күш – білекте емес, жүректе» деген мақал бар. Расында, биік мақсат пен қайсар мінез ұштасқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың жанқиярлығы мен табандылығы ерекше құрметке лайық, – деді Президент.

Айсұлу Сүлейменова спорттағы мансабын депутаттық қызметімен қатар алып жүр. Ол Құрылтайда әлеуметтік қорғау, кедергісіз орта қалыптастыру және мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерімен айналысады.

Депутат қызметінің негізгі бағыттарының қатарында инватакси жүйесін жетілдіру, білім алу, жұмысқа орналасу және медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар балаларға арналған ерте араласу бағдарламасын кеңейту мәселелері бар.

Бұдан бөлек, Айсұлу Сүлейменова ұшқышсыз авиацияны реттеу мәселелерін көтеріп, мүгедектігі бар адамдарды қолдау және инвестициялық қызмет салаларына қатысты заңнамалық бастамаларды әзірлеуге қатысып келеді.

Айта кетейік, Ақордадағы марапаттау рәсімінде Президент спорт саласын мемлекеттік қолдау шараларына да тоқталды. Соңғы бес жылда елімізде спортты дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Сонымен қатар дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, спорттың басым бағыттарын айқындауға қатысты нормалар қарастырылған.

Тағы оқи отырыңыз: Үлкен жетістік және зор мақтаныш: Президент Азия ойындары және Азия Пара ойындарының жүлдегерлерін марапаттады