Рубль құны түсті: қазақстандықтар жаппай валюта сатып алып жатыр
10 қыркүйекте KASE биржасында ресейлік рубльмен сауда көлемі күрт өсіп, 5,4 млрд рубльге жетті. Бұл бір күн бұрынғы 3,6 млрд рубльмен салыстырғанда 52,8%-ға көп. Сауда қорытындысы бойынша рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы 1,32%-ға төмендеп, 1 рубль үшін 6,36 теңгені құрады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Экономист Эльдар Шамсутдинов сауда көлемінің күрт өсуі Мәскеу биржасында рубльдің долларына шаққанда 85-ке дейін әлсіреген сәтке тұспа-тұс келгенін айтты. Оның сөзінше, 10 қыркүйектегі рубль айналымы KASE-дегі жалпы доллар айналымының 23%-ына жетті.
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы доллар бағамы Мәскеу биржасына қарағанда арзанырақ ($1 = 85 рубль → 541,9 теңге). Нарықтағы қолма-қол ақша айырбастағанда айырмашылық одан да жоғары.
Айырмашылық биржамен салыстырғанда шамамен 3,8 теңгені, ал қолма-қол нарықпен салыстырғанда 15,5 теңгені құрайды. Бұл арбитражға мүмкіндік береді: Қазақстанда доллар сатып алып, Ресейде сату арқылы пайда табуға болар еді. Алайда нақты әсер комиссиялар мен реттеуші тосқауылдармен шектеледі, – деді экономист.
Ресейлік БАҚ хабарлауынша, доллар сәуірден бері алғаш рет 85 рубльге жетті. Ал РБК басылымына пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, рубльдің әлсіреуіне негізгі себептердің бірі – 12 қыркүйекте Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені төмендетеді деген болжам. Бұл халықтың жинақ парадигмасын өзгертіп, тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуіне ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар рубль бағамына АҚШ тарапынан жаңа санкциялар күтілуі және импорттаушылардың валютаны маусымдық сұранысы әсер еткен.