Экологиялық акциялар аясында 340 мың тонна қоқыс жиналды – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экологиялық акциялар аясында 340 мың тонна қоқыс жиналды, деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халық алдында берген есептік кездесуінде.
Экологиялық мәдениет пен тәрбиелеуді қалыптастыру мәселесі біз үшін басым бағыт. Былтыр министрлік "Бірге. Таза Қазақстан", "Бірге.Жасыл Қазақстан" экологиялық акцияларын жүзеге асырды. Осы шараларға 560 мыңнан астам адам қатысып, 340 мың тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ, 1 млн-нан астам ағаш отырғызылды, - деді Мырзағалиев.
Министр "Birgemiz: Taza Alem" жалпы ұлттық жобасы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаштар отырғызу және қоқыстарды сұрыптауға үйрету бойынша іс-шаралары жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Ақпан айында эко-белсенділердің алғашқы республикалық слетін өткіздік. Бүкіл ел бойынша экологиялық бастамаларды үйлестіру және ілгерілету үшін әрбір өңірде эко-амбассадорлар анықталды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласынан 10-сынып оқушысы Аружан Сахариянова өз құрдастары мен ересектер арасында Zero waste ағымының идеяларын белсенді насихаттап жүр. Алматы қаласынан Салтанат Тәшимова жасыл комиссия, ағашты заңсыз кесу тобын құру бастамашысы және тағы басқаларды айтуға болады, - деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев егер халықтың 5 пайызы күнделікті өмірде экологияға саналы түрде қараса, онда бүкіл халыққа экологиялық мәдениет пен сананы сіңіруге болатынын айтты.
Мен еліміздің әрбір тұрғынын үй қоқыстарын сұрыптаудан бастап, электр энергиясы мен суды үнемдеуге, полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырамын. Тек бірлескен іс-қимыл ғана болашақ ұрпақ үшін еліміздің табиғи байлығын сақтап қалуға көмектесетіне сенемін, - деді ол.Бұған дейін Экология министрі 15 жыл бойы шешімін таппай тұрған Балқаш жағасындағы қауіпті қалдықтар мәселесі маусым соңына дейін шешілетінін айтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы