Бүкіләлемдік тазалық күні Қазақстанда 6 мың тоннадан астам қоқыс жиналды

Алматы, BAQ.KZ. Өткен демалыста Қазақстан жыл сайын өтетін Бүкіләлемдік World Clean Up Day экологиялық акциясына үшінші рет қатысты. 


Қазақстанның экологиялық ұйымдары, Экология, геология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен әр облыста сенбілік өткізді.

Экологиялық науқанға елімізде 135 073 волонтер қатысып, 6 020 тонна қоқыс жинады. Жиналған қалдықтар ішінде 1084,49 тонна шыны, 2145,1 тонна пластик, 373,495 тонна резеңке, 407,935 тонна қағаз және 890,24 тонна металл қайта өңдеуге жіберілген.

Жиналған қоқыс бойынша Алматы, Ақтөбе және Павлодар облыстары белсенділік танытты.


Бүгін біз Алматы қаласын аралап, қоқыстың әлдеқайда аз екенін көрдік. Менің ойымша, тұрғындардың мәдениеті біртіндеп өсіп келеді, өйткені қоқыстарды бөлек жинау қоқыстың алдын алу үшін маңызды элемент болып табылады. Сонымен бірге, халықтың қоқыстар мен қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату туралы ақпаратты арттыру маңызды – бар болғаны қоқыс жәшігіне тастаңыз. Қалалардағы қоқыс мәселелерімен күресу үшін биылғы жылы біз, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы StopMusor әлеуметтік-экологиялық жобасын жүзеге асырудамыз, - дейді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева.  

Сондай-ақ осы күні елімізде қосымша 5725 түп ағаш отырғызылды.


Жыл сайын World Clean Up Day науқанында 157 мемлекеттен 18 млн волонтер қатысады. Осы жылы арнайы қоқыс жинайтын қаптар мен қолғаптардан басқа волонтерлер медициналық маскалар киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауға мәжбүр болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы