Өрттен 17 адамды құтқарғандар: Полицей болу – абыройлы міндет
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы өрттен 17 адамды құтқарған полицейлердің ерлігін қызылордалықтар ұмыта қойған жоқ. Отан қорғаушылар күнінде сол сырбойылық сақшыларды – Мақсат Хасенов пен Бақытжан Досмағамбетовті әңгімеге тарттық. Бейбіт күннің батырлары "Полицей болу – абыройлы міндет" дейді.
Оқиға желісі былай болған. 2019 жылғы 19 тамыз. Қызылорда қаласы. Қорқыт ата көшесiндегi көпқабатты үйдегі пәтерлеpдiң бірі өртенді. Бұл жөнінде қалалық полиция басқармасының кезекшi бөлiміне хабар келіп түсті. Мұндағы жауапты мамандар жедел қызметтерге хабарласты. Аға учаскелiк полиция инспекторы, полиция майоры Мақсат Жылқайдаров, №2 УПП полиция инпекторлары – полиция капитаны Мақсат Xaсенов, полиция лейтенанты Бaқытжан Досмағамбeтов деpеу өpт шыққан үйге жетті. 4 қабаттағы пәтер екен. Терезесінен қалың қара түтін будақтап жатыр. Өртті дер кезінде ауыздықтамаса, жалын көрші пәтерлерді де шарпуы мүмкін. Полицейлер Мақсат Хасенов пен Бақытжан Досмағамбетов қауіптің алдын алуға әрекеттенді.
Сүлгіні сулап алып басымызға орадық. Өртеніп жатқан пәтердің темір есігін бұзып аштық. Қасымда Мақсат Хасенов болды. Ал Мақсат Жылқайдаров жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметін шақырып, адамдарды эвакуациялаудың қамымен жүрді. Біз әлгі пәтерге кіріп, өртті сөндіре бастадық. Абырой болғанда мұнда ешкім жоқ екен. Бірақ өткір қара түтін үйдің подъезін алып кетті. Ештеңе көрінбейді. Жарық сөніп қалған. Бұған қоса, күн ұясына кірген, қараңғы батқан уақыт. Мақсат екеуміз қолшамның жарығымен көрші пәтерлерден адамдарды көшеге шығардық. Бір пәтерде 4 бала қалып қойыпты. Үйдің үлкендері тойға кеткен екен. Соларды жетектеп, көтеріп алып далаға шығардық. Өртті де сөндірдік, - дейді Бақытжан Досмағамбетов.
Полицейлер осылай бірлесіп тілсіз жауды ауыздықтап, 17 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Сол үйдің тұрғындары басын қатерге тігіп, өздерін құтқарған сақшыларға әлі күнге дейін алғысын айтып отырады.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында осы оқиғаны есіне алған Бақытжан Досмағамбетов "полицейлер – қоғамның қорғаны, халықтың қалқаны" деген пайым айтты. Биыл 29 жасқа толған оның полиция саласына қызметке келгеніне 2 жылға жуықтапты.
Полицей болу – абыройлы міндет. Сондықтан, бұрынғы жұмысымнан шығып, жан қалауыммен осы саланы таңдап келдім. Негізгі міндетіміз- тәртіпсіздіктің, қылмыстың алдын алу. Зорлық-зомбылық, тонау, төбелес сияқты заңсыздықтардың күн сайын алдын алып отырамыз. Халық өзіне көмектесетін, қорғайтын адамның барын сезінуі керек деп ойлаймын. Бір апта бұрын бір тұрғынның 5 сиыры жоғалды. Ұрлық ретінде базаға тіркелді. Соларды іздеп тауып, иесіне тапсырдық. Ол адам риза болғаны соншалық әлеуметтік желіге атымызды атап, түрімізді түстеп рахметін айтып шығарып қойыпты. Мұндай жайттар көп кездеседі, - дейді ол.
Ал Бақытжан Досмағамбетовтың жанындағы серігі 34 жастағы Мақсат Хасенов те қызметіне адал. Полиция саласында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. №2 учаскелік полиция пунктіндегі қызметіне 2017 жылы кіріскен.
Өзіміз қарайтын аумақты беске білеміз. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаймыз, заң аясында әрекет етіп, шешілу жолдарын қарастырамыз. Ел бізге сеніммен қарағанын қалаймыз. Сол мақсатта адал еңбек етіп жатырмыз. Алайда "бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" демекші, бірен-саран әріптестеріміздің кесірінен барлық полицейге күйе жағылып кетіп жатады. Біз ісімізбен, сөзімізбен көпшілікке, балаларымызға үлгі болуымыз қажет. Адам өмірі – ең қымбат, оны сақтау үшін өзімізге қауіп төніп тұрса да бар күш-жігерімізді саламыз. Орайы келіп тұрғанда ер азаматтарды, полицейлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтағым келеді, - деген Мақсат Хасенов ізгі тілегін жеткізді.