Өртенген HighVill ғимараты соңғы рет 2012 жылы тексерілген
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Мейрамбек Қайсанов HighVill Kazakhstan ғимараты қашан өрт қауіпсіздігі тексерісінен өткенін айтты.
"Соңғы рет 2012 жылы жүргізілген жоспарлы тексеріс кезінде ғимаратта режимдік сипатта бұзулар болды. Одан кейін олар қалпына келтірілді. Ол кезде мұндай нысандар үш жылда бір рет тексерілетін болған. Одан кейін мораторий болып, критерийлер өзгерді. Кәсіпкерлік кодекс қабылданғаннан кейін бұл жоғары өрт қауіпсіздігіне жатпайтын нысан, кеңсе ғимараты емес, көрсетілім-көрме орталығы", - деді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары.
Қайсанов қандай жағдайда жеке нысандарға өрт қауіпсіздігін тексеру шараларын жүргізуге болатынын айтты.
"Кәсіпкерлік кодекс бойынша өрт қауіпсіздігіне арыз-шағым түскенде ғана жоспардан тыс тексеруге болады. Бұл жаппай халық баратын орынға, сауда орталығына жатпайды. Білім беру нысандарын, содан кейін денсаулық сақтау саласындағы нысандарды тексереміз. Бас прокуратура сайтынан қандай нысандар тексерілетінін көре аласыздар. Арыз-шағымсыз тексеруге қақымыз жоқ. Барлық тексерістер Бас прокуратураның рұқсатымен жүргізіледі. Ол үшін арыз-шағым негіздемесі болуы тиіс, не жоспардағы нысан болуы керек", - деді Қайсанов.
Ол ғимараттың уақытша, уақытша емес нысан екенін білмейтінін айтты.
"Шығын көлемін айта алмаймыз. Иелерімен бірлесіп анықтау керек. Сараптама жүргізілгеннен кейін белгілі болады", - деді Қайсанов.
Бұған дейін ғимаратта күзетші жалғыз және жұмыс орны ғимараттың ішінде болғанын хабарлағанбыз.