"Росатом салуы керек". Вице-премьер АЭС-ке қатысты қауесетке жауап берді
Елімізге АЭС-ті ресейлік "Росатом" салуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді, деп хабалайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист Склярға "Экономист Василий Колташов Қазақстан атом электр станциясын салуға "Росатомды" таңдауы керек, әйтпесе Қазақстан үшін жағымсыз саяси зардаптар болуы мүмкін деген еді. "Бұған не дейсіз?" деп сұрақ қойды.
Түсінгенімше, мұны мәлімдеген бейресми адам. Қандай да бір саясаттанушының немесе блогердің мәлімдемесіне түсініктеме берудің керегі жоқ деп білемін. Бұл нысанды салуда барынша тиімділік тұрғысынан әрі прагматикалық жағынан қабылданатынын атап өткім келеді. Станция, біріншіден, қауіпсіз болуы керек, екіншіден, мүмкіндігінше технологиялық жетілдірілген болуы шарт. Үшіншіден, тұтастай алғанда ел экономикасының дамуына мультипликативті әсер етуге тиіс. Министрлік пен үкімет қабылдайтын шешім осыларға негізделмек, - деді вице-премьер Үкімет баспасөз орталығында.
Бұған дейін Роман Скляр АЭС бойынша құрылатын консорциум құрамында қанша ел болатынын айтқан еді. Сондай-ақ АЭС құрылысы елімізде қалай жүргізілетіні туралы да сұраққа жауап берген еді.