"Алматыдан Хьюстонға дейін 11 мың шақырым": Қазақ жанкүйері Роналдуды көру үшін әлем чемпионатына барды
Алматыдан Хьюстонға дейін 11 мың шақырым жол жүріп барған Арман Елеш АҚШ-тағы мундиаль атмосферасы, Орталық Азия жанкүйерлерінің бірлігі және тарихи матч туралы әңгімеледі.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ-та өтіп жатыр. Турнирдің алғашқы ойындарының бірінде Өзбекстан құрамасы Португалиямен кездесіп, тарихи матч өткізді. Осы ойынды тамашалау үшін мұхит асып барған қазақстандық жанкүйер Арман Елеш Хьюстондағы футбол мерекесінің атмосферасын, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жанкүйерлердің көңіл-күйін және Криштиану Роналдуды стадионнан көру арманын BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.
Хьюстондағы футбол қызуы: Өзбек жанкүйерлерінің концерті мен мыңдаған адамның шеруі
Арман Елеш қазір АҚШ-тың Хьюстон қаласында. Ол бұл қалаға Нью-Йорктен матч қарсаңында келген.
Әуежайға түскен сәттен бастап Өзбекстан құрамасының жанкүйерлерін бірден байқадым. Сол жерде танысып, олар ұйымдастырған концертке шақырту алдым. Өзбек жанкүйерлері матч алдындағы күні TMC Helix Park аумағында жиналған екен. Матч күні таңғы сағат жетіден бастап бәрі бірге стадионға қарай жүретінін айтты. Португалия жанкүйерлері де өздерінің fan meeting шараларын ұйымдастырған, – дейді ол.
Арманның айтуынша, өзбек жанкүйерлері жиналған TMC Helix Park – ғылым, медицина және инновациялар орталығы ретінде белгілі заманауи кешендердің бірі.
Қалаға келгеннен-ақ әлем чемпионатының атмосферасы сезіледі. Хьюстон FIFA World Cup түстерімен безендірілген. Көшелерде еріктілер, ұйымдастырушылар, түрлі елдің жейдесін киген жанкүйерлер мен туларын көтерген адамдар көп. Әрине, ауа райы өте ыстық әрі ылғалды. Бірақ футбол атмосферасы бәрін ұмыттырады, – дейді ол.
Визаға екі апта қалғанда өтініш берген
Қазақстандық жанкүйердің АҚШ-қа жетуі де оңай болмаған.
Алматыдан Франкфуртқа дейін 8 сағат, одан Нью-Йоркке дейін 9 сағат, кейін Хьюстонға дейін тағы 4 сағат ұшқан. Жалпы әуе сапарының өзі 21 сағатқа жуық уақыт алған.
Бірақ ең қызығы – виза алу тарихы.
Матч 23 маусымда өтсе, мен АҚШ консулдығындағы сұхбатқа 9 маусымда бардым. Ал 10 маусымда визам дайын болды. Бұл өмірімдегі ең тез берілген визалардың бірі шығар. Дегенмен мұндай сапарға дайындалатын адамдарға визаны кемінде бір-екі ай бұрын рәсімдеуге кеңес берер едім, – дейді Арман.
Ұзақ жолда ол түрлі елден келген жолаушылармен танысқан.
Біреулер туыстарына бара жатыр, енді біреулер өз құрамасын қолдау үшін әлем чемпионатына аттанған. Осындай әңгімелердің өзі сапарды қызықты ете түседі, – дейді ол.
Арманның арманы орындалды
Арман үшін бұл сапар кездейсоқ шешім емес.
Ол әлем чемпионатын 2006 жылғы Германия мундиалынан бері үзбей қарап келеді.
Біздің отбасымызда футбол көру ерекше дәстүр болатын. Атаммен және ініммен бірге матчтарды жібермейтінбіз. Бала кезімізде PROСПОРТ газетін сатып алып, әлем чемпионатына арналған арнайы кестелерді қолымызбен толтыратынбыз. Қай команда қанша гол соқты, қанша жеңді - бәрін белгілеп отыратынбыз. Ол кезде футбол мен үшін жай ойын емес, үлкен статистика мен аналитика әлемі сияқты көрінетін, - дейді жанкүйер.
Содан бері 20 жылға жуық уақыт өткен.
Осы жолы алғаш рет әлем чемпионатына өзім келдім. Оның үстіне бала кезімнен көріп өскен Криштиану Роналдуды стадионнан көру менің үлкен арманым еді, - дейді ол.
Сапардың тағы бір себебі - Өзбекстан құрамасының тарихи жетістігі.
Өзбекстан алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Желтоқсан айында FIFA World Cup Random Selection Ticket Application арқылы билетке өтініш бердім. Кейін Өзбекстанның қарсыласы Португалия болатыны белгілі болды. Ақпан айында нәтижелер шыққанда бірден билет сатып алдым. Сондықтан бұл тек өзбек халқы үшін ғана емес, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан сияқты бауырлас елдер үшін де тарихи сәт деп ойлаймын. Сол тарихи күнді өз көзіммен көріп, бауырларымызды қолдау үшін Америкаға баруға шешім қабылдадым, - дейді Арман.
Хьюстондағы матчта Орталық Азияның барлық елінен жанкүйерлер жиналған.
Өзбекстанды қолдауға Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Түрікменстаннан және Тәжікстаннан келген жанкүйерлер болды. Өте жылы атмосфера сезілді. Барлығы бір-бірін құттықтап, қолдап жүрді. Өзбек бауырларымыз Қазақстаннан арнайы келгеніміз үшін бірнеше реталғыс айтты, - дейді ол.
Арманның бағалауынша, Қазақстаннан шамамен 50 шақты адам барған.
Олардың арасында АҚШ-та оқитын студенттер де, осында жұмыс істейтін немесе көпжылдан бері тұратын қазақстандықтар да болды, – дейді ол.
Өзі Қазақстан құрамасының тұрақты жанкүйері екенін айтады.
Мен ұлттық құраманың матчтарына жиі барып жүрдім. Қазіргі Қазақстан құрамасының жас буынына сенемін. Дастан Сатпаев, Жасұлан Әмір, Мақсат Абраев сияқты жастардың әлеуеті жоғары. Келесі төрт жылда әлем чемпионатына шығуға мүмкіндігіміз бардеп ойлаймын, - дейді Арман.
Өзбек палауы мен ат үстіндегі полиция
Матч күні таңғы сағат жетіде жанкүйерлер қайта жиналған.
Ауа райы өте ыстық болды. Бірақ ешкімнің көңіл-күйі түскен жоқ. Барлығы ән айтып, суретке түсіп, туларын желбіретіп жүрді, – дейді ол.
Матч алдындағы ерекше көріністердің бірі - өзбек жанкүйерлерінің үлкен қазанға палау басуы.
Палаудың иісі де, дәмі де керемет болды. TMC Helix Park аумағында шамамен бес мыңдай адам жиналды деп ойлаймын. Кейін бәріміз NRG Stadium стадионына қарай жаяу жүрдік. Жол бойы «Olgʻa Oʻzbekiston» деп ұрандап, ән айттық, - дейді Арман.
Стадионға дейінгі жол шамамен 50 минутқа созылған.
Ал қауіпсіздік деңгейі ерекше әсер қалдырған.
Техас штатының полициясы мен шерифтері барлық процесті бақылап тұрды. Ең қызығы - кейбір полиция қызметкерлері атпен жүрді. Аттары өте ірі әрі әдемі екен, - дейді ол.
Теледидардан көрген бөлек, стадиондағы әсер мүлде басқа
Матч өткен NRG Stadium шамамен 72 мың көрерменге арналған.
Стадионның ашылатын төбесі бар. Ішінде түрлі ойын алаңдары, жанкүйерлік аймақтар, тамақтану орындары ұйымдастырылған. Барлығы өте ыңғайлы әрі жүйелі, - дейді Арман.
Дегенмен ең үлкен әсерді стадион ішіндегі атмосфера қалдырған.
Теледидардан көрген бір бөлек. Ал стадионда отырып жанкүйерлердің дауысын, эмоциясын, энергиясын сезіну мүлде басқа дүние екен. Мұны сөзбен жеткізу қиын, - дейді ол.
«Қазақстаннан келгенімді естігенде таңғалды»
Әлем чемпионаты Арманға түрлі елдің жанкүйерлерімен танысуға мүмкіндік берген.
Португалия жанкүйерлерімен көп сөйлестім. Нью-Йорктен келген португал текті америкалықтармен таныстым. Сонымен қатар Манчестер Юнайтед пен Манчестер Сити жанкүйерлерін кездестірдім. Көпшілігі Роналдуды көру үшін келген, ал кейбірі Абдуқодир Хусанов туралы сұрады, - дейді ол.
Матчта Мексика жанкүйерлері де көп болған.
Техаста латынамерикалық халық көп тұрады. Сондықтан Мексика туын ұстап жүргендерді жиі кездестірдім, - дейді Арман.
Қазақстаннан келгенін айтқанда көпшіліктің таң қалғанын да жасырмайды.
Алматыдан Хьюстонға дейін шамамен 11 100 шақырым жол жүргенімді естігенде адамдар таңғалып, «Сіздер футболды шынымен жақсы көреді екенсіздер» деп жатты, - дейді ол.
Орталық Азияның жанкүйерлері бір тудың астына жиналды
Арманды таңғалдырған басты нәрсе ұйымдастыру немесе қауіпсіздік емес.
Ең үлкен әсерді Орталық Азия халықтарының бірлігі қалдырды. Өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік жанкүйерлері бір-біріне шын көңілмен қолдау көрсетіп жүрді. Біз осы достықты сақтап, нығайтуымыз керек деп ойлаймын, - дейді ол.
Сонымен бірге FIFA ұйымдастыру деңгейін де жоғары бағалады.
Барлығы нақты, түсінікті әрі ыңғайлы ұйымдастырылған. Тек ауа райы ғана қиындық туғызды. Өте ыстық әрі ылғалды болды, - дейді ол.
Роналду дубль жасап, Өзбекстан ірі есеппен жеңілді
Матч қорытындысы өзбек жанкүйерлері үшін көңіл көншітпеді.
Португалия құрамасы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Криштиану Роналду екі голдың авторы атанды.
Стадионда шамамен 68 мың адам болды. Мен өзбек жанкүйерлерінің жанында отырып, оларға қолдау көрсеттім. Әрине, нәтиже өкінішті. Бірақ Өзбекстан құрамасы соңына дейін күресті. Бұл олардың әлем чемпионатындағы алғашқы тәжірибесі. Сондықтан мұндай ойындар да үлкен сабақ болады, - дейді Арман.
Оның айтуынша, Орталық Азия футболы үшін бұл жолдың басы ғана.
Өзбекстан құрамасының келесі ойыны Конгоға қарсы 27 маусым күні өтеді. Жанкүйердің пікірінше, бұл команда үшін соңғы мүмкіндік болуы мүмкін. Сондықтан Арман өзбек бауырларымызды қолдап, оларға жанкүйер болуға шақырды.