Солтүстік Қазақстан ауылында роботталған қоспажем зауыты іске қосылды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжар өңірінде қоспажем өндіретін заманауи зауыт ашылды. Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка ауылында тұрғызылған жаңа нысанды іске қосу рәсіміне СҚО әкімі Құмар Ақсақалов пен "KAZMEAL" компаниясының бас директоры Дина Өтебаева қатысты.

Кәсіпорын жылына 360 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бұндай қуатқа ие зауыт елімізде әзірге жоқ. Дәнді-дақылдан қоспажем алу үшін 10 минут уақыт жеткілікті. Бәрі диспетчердің бақылауы арқылы арнайы техниканың көмегімен әзірленеді.

«Мұнда бәрі автоматтандырылған. Мен тек жұмысты қадағалап тұрамын. Егер бір жерде ақау шықса, көмекшілерімді шақырып жөндейміз. Қытайлықтар келіп, жаңа техниканың «тілін» үйретіп кетті», - дейді қашықтықтан басқару құралының диспетчері Генадий Цвигун.

Тың жобаға құйылған инвестиция сомасы 4 миллиард теңгеден асады. Айта кету керек, оның тек 50% – шетелдік қаржы. Зауытта 76 жаңа жұмыс орны ашылды. Дайын тауар экспортқа шығарылады.

«Жыл сайын облыста 5,5 миллион тонна астық өндіріледі. Бізде 4 және 5-санаттағы бидай бар. Зауыт мұндай санатты бидай мен майлы дақылдардан сапалы қоспажем өндіретін болады. Бұл – егістік алқаптарын әртараптандырудың арқасы. Аталған кәсіпорынның даму перспективасы жоғары. Өндірісті кеңейту жоспарда бар», - деді Құмар Ақсақалов журналистерге берген сұхбатында.


Зауыт техниканың заманауи үлгілерімен жарақтандырылған. Кәсіпорынның ерекшелігі – қоспажем салынған қаптарды жүк көліктеріне роботтандырылған техника жүктейді. Қондырғы «Siemens» компаниясының жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл – ұжым әлемдегі электроника және цифрлық технологиялар саласындағы көшбасшылардың бірі. «KAZMEAL» компаниясының бас директоры Дина Өтебаеваның сөзіне қарағанда қондырғылардың барлығы Қытайдан әкелінген.

«Өнімімізді толықтай Қытайға жөнелтеміз. Арада келісім бар. Біз шетелдік әріптестерімізбен алғашқы жобамызды жүзеге асыратын өңірді іздедік. Инвестициялық климат, шикізат қоры, элеватордың бар екенін ескеріп, таңдауымыз Новоишимка ауылына түсті», - дейді ол.

Үздік технологиялар сапалы әрі қауіпсіз өнім алуға мүмкіндік береді. Зауытта азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ISO 22000 халықаралық сапа стандарты енгізілген.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы