Робототехника деген пән емес, бұл мансап пен өмір - маманмен сұхбат
Биыл WRO-2022 робототехника олимпиадасына ел атынан 11 команда жолдама алды. Қазіргі таңда олар қызу дайындық жүргізуде. Олимпиада мақсаты - адамзатқа қауіпсіздік пен пайда беретін роботтарды жасап шығару. Роботек мектебінің спорт бөлімінің басшысы Олжас Айтжановтан бұл саласының дамуы туралы толығырақ сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
-Олжас Еслямбекұлы, елімізде робототехниканың дамуы қалай? Көңіліңіз тола ма?
Соңғы жылдары робототехниканы үйренуге бұл саланы меңгеруге арналған үйірмелерге деген сұраныс көбейіп келеді. Мемлекеттік мектептерге робототехниканы оқытуға арналған қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат табу қиын. Алайда, жекеменшік білім ордалары бұл мәселенің шешімін біртіндеп тауып жатыр. Ата-аналар өз балаларын IT, инженерия және робототехника секілді мамандықтарға балаларын оқытқысы келеді. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептер осы салаларды дамыту жолдарын іздеп жатыр.
-Елімізде машина жасау саласы баяу дамып жатыр. Мұның роботехника саласына әсері бар ма? Біз импортқа тәуелдігіміз бұл кесір емес пе?
Қателеспесем, Үкімет биыл машина жасау саласын дамытуға арналған жүйелі шараларды қабылдады. Әлемде болып жатқан саяси өзгерістерге байланысты машина жасайтын компаниялар Ресейден Қазақстанға көшіп жатыр. Меніңше, бұл осы саласының дамуын жылдамдатады. Машина жасауда роботехника кеңінен қолданылады. Сол себепті болашақта роботехника саласындағы мамандарға сұраныс артуы да мүмкін.
Әрине, Қазақстанның импортқа тәуелділігі бар, бірақ нарықтардың жаһандануының бұл ерекшелігі бүкіл дамыған елдерге де, дамушы елдерге де тән. Заманауи әлемдегі кез келген күрделі құрылғы компоненттерден тұрады, олардың өндірушілері әдетте бір елде шоғырланбайды. Байқасаңыз, құрылғылар бүкіл әлем бойынша шашыраңқы жерлерде. Мысалы, электроника Тайваньда, дене бөліктері Германияда және т.б. Елдер арасындағы өнеркәсіп және сауда кооперациясы бұрыннан қалыпты жағдайға айналып кеткен.
-Қазақстандық балалардың қызғушылығы мен үлгерімі қалай? Салада қандай жетістіктеріңіз бар? Қазақстан қандай жобалармен мақтана алады? Кеңінен тоқталып өтсеңіз…
Заманауи балалар инженерия мен IT саласына қызғушылығы басым, ал робототехника сабақтары оларды қатты қызықтырады. Робототехника үйірмелерімен айналысатын балалар әр түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысады. Балалар үшін бұл үлкен тәжірибе, өзін-өзі көрсету тәсілі де, жаңа достар мен жаңа идеялармен алмасу алаңы. Қазақстандық мектеп оқушыларының әлемдік аренадағы жетістіктері бар. Солардың бірі Robotek робототехника мектебінің оқушылары 3 рет әлемдік ареналарда қатысып, Қазақстанның атағын әлемге танытып жүр. Бүкіләлемдік роботтар олимпиадасы (World Robot Olympiad) 2018 жылы Тайландта 120 команданың арасында 18 орын иеленсе, 2019 жылы Венгрия мемлекетінде 115 команданың ішінен 11 орынға табан тіреді. Сонымен бірге АҚШ-та Хьюстон қаласында болған First Lego League 2022 жарысында 100-ден астам ел қатысып, солардың арасынан 25 орын алды. Осы жылы тағы екі командамыз әлемдік жарысқа WRO 2022 олимпиадасына жолдама ұтып алып, қазір қызу дайындықтың үстінде.
-Сіздің ойыңызша, елімізде 20 жылдан кейін робототехника қандай деңгейде болады деп ойлайсыз?
Қазақстан робототехника саласында әлемдік көшбасшы болмаса да, кәсіпорындардың өндіріске заманауи технологияларды енгізуге және заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндігі бар. Бұл мамандарды дайындауды талап етеді. Шынымен бізде мамандар жеткіліксіз. Персонал көп нәрсені шешеді және роботтық шешімдер құнының үлкен үлесін интеграция, яғни нақты салаларда жабдықты тікелей орнату және бейімдеу алатыны сөзсіз. Жәнеде бұл көптеген жоғары білікті мамандардың жұмысы екенін айта кеткен жөн. Осы тұрғыдан алғанда, білімге салынған инвестиция ұзақ уақыт бойы үлкен әсер етуі мүмкін. 20-30 жылдан кейін кадрлар мен роботтандыру мен технология елге жақсы экономикалық өсім беріп, азаматтардың әл-ауқатын жақсарта алады.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!