Бүгiн 2026, 18:17 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Робот-ит, ұлттық ойындар, түнгі шай: Қазақстанда ерекше акция өтеді

Бұл жолы этномәдени бағытқа ерекше назар аударылады.

Қазақстанда Халықаралық музей күніне орай республикалық «Музей түні» акциясы өтеді. 16-18 мамыр аралығында ел музейлерінде тарихи мұра, өнер, заманауи технологиялар мен этномәдени бағыттарды тоғыстырған кешкі және түнгі бағдарламалар ұйымдастырылады.

Республикалық акция аясында үш ұлттық музейдің арнайы бағдарламалары көпшілік назарына ұсынылады. 16 мамыр күні акция Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде басталады. Мұнда «Жеті қазына» көрмесі өтіп, музей өз ауласында Open Air форматындағы мәдени бағдарлама ұсынады.

18 мамыр күні ҚР Ұлттық музейінде скрипкашы Назым Мұстафина гуманоид робот пен бионикалық робот-иттің қатысуымен өнер көрсетеді.  Жоба өнер мен заманауи технологияны ұштастырып, тарихи-мәдени мұраны жаңа форматта танытуды көздейді.

Сол күні ҚР Ұлттық орталық музейінде қордағы жәдігерлерді сақтау мен толықтыру бағытына басымдық беріледі. «Музейге сый» акциясы аясында мәдениет, өнер, спорт және тарихқа қатысты құнды жәдігерлер музей қорына табысталады.

Акцияға музей-қорықтар да қатысады. Бағдарламада тарихи ескерткіштерге арналған түнгі бағыттар, театрландырылған қойылымдар, тарихи квестер, жарық және дыбыстық көріністер, мультимедиялық жобалар мен жасанды интеллект элементтері қамтылған. Бағдарлама аясында келушілер қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, ұлттық ойындарға қатысып, дәстүрлі тағамдардан дәм тата алады. Сондай-ақ этноауылдарда рухани жүздесулер мен киіз үйдегі түнгі шай секілді этномәдени форматтар ұйымдастырылады. Ашық аспан астындағы форматтар, соның ішінде шатырлы лагерьлер мен жұлдызды аспанды тамашалау бағдарламалары да жоспарланған.

Елдегі барлық музейге кіру тегін болады.