Ринат Зайытовтың сот қабылдауына жазыла алмай жүргеніне бір жылдан асқан

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заңды талқылау кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің «Ықпалды Парламент болу керек” деген жақсы сөзі бар. Соттың ашықтығына қатысты айтарым, менің өзім соттың қабылдауына жазыла алмағаныма бір жылдан асып кетті. Қабылдамайды, жабық. Кейбір соттардың өзінде сотталушылардың “менің сотым ашық өтсін” деген сөзін қабылдамайды. Осы орайда соттың ашықтығы мен Парламенттің ықпалдылығын арттыру мақсатында заңның аясында қандай да бір сабақтастық табуға бола ма? Ең болмаса жылына екі рет талқылауға ешкім есеп сұрап отырған жоқ. Өйткені, бізге сот бойынша өте көп шағым келеді. Ал регламент бойынша сот ісіне араласуға біздің қақымыз жоқ, - дейді депутат.

Ол осындай тетік шығаруға қатысты әріптестерінің пікірін сұрады.

Сонымен қатар сот шешімінің орындалуы тапқа қатты бөлінеді. Кейбір адамдардың шешімін бір-ақ күнде орындап тастайды. Ал қолында сот шешімі болса да жылдап орындата алмай жүргендер де бар. Осыны қалай жетілдіруге болады? – деп сұрады Ринат Зайытов.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ әріптесінің сұрағына жауап берді.

Биліктердің арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ететін механизмдер бар. Бірақ тікелей сот билігіне заң шығарушы билік барып, оның ісіне араласа алмайды. Дегенмен заңдағы белгілі шектеулер арқылы мүмкіндіктеріміз бар. Сол себепті кассациялық сотты енгізудегі бірден-бір себебіміз осы, - деді депутат.

Бүгін Мәжіліс “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы