Ринат Зайытов: Жұмысымның елге титтей болсын пайдасы тисе, маған сол да жетеді

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мақтана айтатыны - Парламент жұмысының бұрынғы жағдайдан 180 градусқа бет-бұрысы өзгеріп, қазір басқа бағытта жұмыс істеуі. Мұның өзі сессияның үлкен жетістігі. Сессия кезінде қабылданған заңдардың ішінде кәсіби біліктілік пен активтерді елге қайтаруға мүмкіндік беретін заңдарды ерекше атап айтуға болады, - деді депутат.

Оның айтуынша, егер кез келген заңның тетігі жұмыс істейтін болса, онда оның сөзсіз нәтиже беретіні анық.

Бұл 100 күннің ішінде жасалған жұмыстардың жемісі. Енді алда өңірлермен кездесеміз. Оның нәтижесін күзде Парламентте көресіздер деп ойлаймын. Қазақта «жаман әйел ұл таппайды, тапса қоярға жер таппайды» деген мақал бар емес пе. Мен ондайдан аулақпын. «Мынаны істедім, мына істедім» демеймін. Егер істеген жұмысымның елге титтей болсын пайдасы тисе, маған сол да жетеді. Ал оны бұлдап айтып, одан қайтарым алғыс күту менің болмысымдағы нәрсе емес, - деп айтты Ринат Зайытов.

Ол журналистерге депутат ретінде өзіне жүктелген міндет туралы айтып берді.

Мәдениет және архив қызметкерлерінің жалақысын 100 пайызға арттыру – менің тікелей жауапкершілігімдегі мәселе. Қазір 20 пайызға артты, енді күзде осы мәселе бойынша тағы жұмыс істейміз, - дейді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы