Ринат Зайыт: Дәрігерлерге шабуыл үшін жазаны күшейту қажет
Мәжілісте медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін қорғауға бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Депутат Ринат Зайыттың айтуынша, бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды құжат, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, соңғы уақытта медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың көбеюі қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Мұндай оқиғалар дәрігерлерге эмоционалды және физикалық зиян келтіріп қана қоймай, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне кері әсер етеді.
Үнемі тәуекел жағдайында жұмыс істейтін дәрігерлер өз міндеттерін толық әрі сапалы атқара алмайды. Сондықтан медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі — тек адам құқығы ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігінің кепілі, — деді депутат.
Ринат Зайыт медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара дәрігерлердің ерекше әлеуметтік мәртебесін айқындап, қоғамға медицина қызметкерлеріне қатысты кез келген зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін көрсетеді.
Жазаларды қатайту — жазалау үшін емес, әділдікті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әрбір медицина қызметкерінің өз еңбегінің қорғалғанына деген сенімін нығайтуға бағытталған қадам, — деді ол.
Депутаттың пікірінше, ұсынылып отырған бастамалар денсаулық сақтау саласына оң әсерін тигізеді.
Ол медицина қызметкерлерін заңсыз шабуылдардан қорғауға арналған заң жобасының қабылдануын бүгіннің маңызды және уақытылы шешімі деп бағалады.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасының маңызын түсіндірді.