Ринат Заитов Дүйсеноваға: Өтірік айтасыздар
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Заитов Үкіметтің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тамара Қасымқызы, жаңа өзіңіздің баяндамаңызда барлық жоспарланған жұмыстар Үкіметтің бақылауында екеніне сендіргім келеді дедіңіз. Менің де сенгім келеді. Бірақ сене алмаймын. Өйткені өз сөзіңізде депутаттардың ұсынысы ескерілді дедіңіз. Менің сөзімді қаперіне алып жатқан министрлік өкілін әлі күнге көргенім жоқ. Әнеугүні ең болмаса МӘМС-ті тоқтата тұрайық дедім. Оны ешкім ескермеді. Бір апта бұрын тағы да Ақтоғай елді мекенінде ауруханаға жете алмай 1994 жылғы жігіт қайтыс болды. Содан кейін сіз баға 15 пайыздан аспайды дедіңіз. Бұған де сену қиын. Елді мекендерді 2027 жылға дейін газбен қамтамасыз етеміз дейсіз. Мен бұған мүлдем сенбеймін. Себебі, бір мысал, Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас елді мекенінде осыдан үш жыл бұрын құбырын, бәрін тартып қойған. Құбырлар шіри бастады, газ әлі жоқ. Екі жылда жүздеген ауылды сумен қамтамасыз етеміз дедіңіздер. Бұларыңыз да өтіріктеу, - деп атап өтті депутат Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға.
Айтуынша, Аягөз ауданындағы қарапайым үш ауылды сумен қамтамасыз ете алмай отырғанына 10 жылдан асқан.
«Жайлы мектеп» жобасы – 369 мектеп салам дегендеріңізге мүлдем сенбеймін. Айып етпеңіздер, Астана-Алматы тасжолы келесі жылы бітеді дейсіздер. Қалбатау-Майқапшағай жолының бітпей жатқанына қанша жыл болғанын білетін шығарсыздар. Осы орайда сұрақ, құрметті Тамара Қасымқызы: сіздердің жоспарлап отырған істеріңіз орындалмай қалса, жауапкершілікті кім алады мойнына? Нақты соның фамилиясы, аты-жөнін айтыңызшы! – деді Ринат Зайытов.
Ал Тамара Дүйсенова болса, жұмыс істеліп жатқан жерде кемшілік болатынын алға тартты.
Жалпы, Үкімет тарапынан ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Қазіргі менің айтқан мәселелерімнің барлығын менің әріптестерім жанымда отыр, қандай жұмыстар қабылданғандығы, оны қоғамда қалай қабылдағаны, жалпы бизнес қалай жасалып жатқандығын нарықтың өзінде көріп отырсыздар. Сондықтан барлық мәселе шешілмей жатыр, қаралмай жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ жұмыс бар жерде – кемшілік бар. Адам бар жерде – кемшілік бар. Кемшілік жоқ, барлық жерде керемет жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз, - деп жауап берді Үкімет басшысының орынбасары.