Ринат Кертаев «AMANAT» партиясының хатшысы болып тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ринат Кертаев «AMANAT» партиясының хатшысы болып тағайындалды. Бұл туралы аталған партияның Twitter-дегі парақшасында хабарланды.

« Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қаулысымен «AMANAT» партиясының хатшысы болып Ринат Думанұлы Кертаев тағайындалды» делінген хабарламада.

Бұған дейін «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы болып қызмет еткен Ринат Думанұлы 1983 жылы 23 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша бірінші жоғары білімін алды. Кейін сол жерде «Журналистика» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады.

Әр жылы Д.А. Қонаев атындағы университетте құқықтану және экономика саласында өз кәсіби біліктілігін кеңейтті. Ринат Думанұлының еңбек жолы «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның дамуымен тікелей байланысты.

2006 жылы дәл осы жерде оның кәсіби жолы қазақ тіліндегі ойын-сауық бағдарламалары редакциясының бағдарламалар дирекциясы продюсері позициясынан басталды. Үш жылдан кейін ұқсас лауазымға бағдарламалар өндірісі бөліміне ауысты. Әрі қарай «Хабар» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде ақпараттық бағдарламалар дирекциясының редактор-талдаушысы қызметін атқарды.

2011 жылдан 2012 жылға дейін Бағдарламалар дирекциясында бас продюсер болып жұмыс істеді, содан кейін бағдарламалар өндірісі бөліміне ауысты.

2016 жылға дейін телеарна бағдарламаларын өндіру дирекциясының бас продюсері болды. 2016 жылдың шілде айында «Хабар» телеарнасын басқарды. Сол жылы «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

2018 жылдың тамыз айында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2019 жылы Ринат Думанұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы