Рим маңындағы оқ-дәрі зауытында қуатты жарылыс болды
Жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз.
Италияның Рим қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан Коллеферро қаласындағы оқ-дәрі зауытында қуатты жарылыс болды. Оқиға 13 тамызда кәсіпорында өрт шыққаннан кейін болған.
Reuters-тің хабарлауынша, жарылыс бірнеше шақырым жерден естілген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жетіп, өртті ауыздықтау жұмыстарын жүргізді. Қалың түтіннің бұлты зауыт аумағынан жоғары көтерілген.
Жарылыс KNDS Ammo Italy компаниясына тиесілі, бұрынғы Simmel Difesa зауытында болған. Кәсіпорын орта және ірі калибрлі оқ-дәрілермен қатар, аэроғарыштық ұшыру аппараттарына арналған қатты отын өндіреді.
Алдын ала мәлімет бойынша, зауыттағы 24 жұмысшының барлығы қауіпсіз жерге шығарылған, қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Жергілікті билік жарылыс зауыттың жекелеген өндірістік және сақтау аумағымен шектелгенін хабарлады.
Жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз. Полиция мен прокуратура оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.