25 Тамыз 2026, 16:16 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Риелторлар қызметін реттейтін заң жоқ». Вице-министр қандай өзгеріс болатынын айтты 

Қазақстанда риелторлар қызметін реттейтін арнайы заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Журналистер вице-министрден риелторлар қызметін заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесі туралы сұрады.

«Қазір риелторлар қызметіне қатысты мәселе Ұлттық экономика министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылып жатыр. Әзірге бұл саланы реттейтін жеке заң жоқ. Алайда бірлескен жұмыстың жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар сол құжат аясында жүргізіліп жатыр», – деді Қуандық Қажкенов.

Вице-министрдің сөзінше, заңсыз жарнамаға қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданып, мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қажкеновтің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде заң бұзушылықтар саны азайған.

«Былтыр 157 заң бұзушылық тіркелсе, биылғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 57 пайызға төмендеді. Риелторлық қызметті реттеуге қатысты қалған мәселелер де бекітілген жол картасы аясында шешіледі», – дейді ол.

Журналистің «Демек, риелторлар қызметіне қатысты арнайы заң болады ма?» деген нақтылау сұрағына вице-министр «Иә» деп жауап берді.