16 Қараша 2026, 12:47 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Риелторға комиссия төлеу тәртібі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда риелторлардың жұмыс тәртібін, клиентпен келісімшарт жасауын және комиссия алу шарттарын нақтылау жоспарланып отыр. Ұсыныстардың бірі – риелтор қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан ақы талап етуге жол бермеу, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеу шараларын әзірлеуде. Өзгерістер қызмет сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және жылжымайтын мүлік делдалдарының жұмысын ашық етуге бағытталған.

Ең алдымен, риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Онда мамандардың жұмыс тәртібі, клиентпен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары белгіленбек. Келісімшартта қызмет құны, комиссия мөлшері мен оны төлеу тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері анық жазылуға тиіс.

Азамат риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін ақы алатынын алдын ала білуі қажет. Осыған байланысты қызметке тапсырыс бермеген адамнан комиссия талап етуге жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылған.

Риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды да күшейту көзделген. Министрлік қолданыстағы ұлттық стандарт негізінде қызмет сапасына, кәсіби әдепке, мәмілелерді сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты міндетті талаптар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Сонымен қатар риелторлардың кәсіби стандарты әзірленуде. Бұл құжат маманның жұмыс істеуіне қажетті білімі, дағдылары мен біліктілік деңгейін айқындайды. Аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен кәсіби біліктілікті растау тетігі де пысықталуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қаралмақ. Бұл олардың кәсіби даярлығына нақты талаптар қоюға және біліктілігін растау тәртібін белгілеуге негіз болады.

Бұдан бөлек, салада өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылған. Осы жүйе аясында кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар белгілеп, олардың жұмысын бақылауға, азаматтардың шағымдарын қарауға және талаптарды бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға қатыса алады.

Тұтынушыларды қажетсіз қызметтерді мәжбүрлеп ұсынудан, келісімшарттағы тиімсіз талаптардан және негізсіз комиссиядан қорғау үшін қосымша заңнамалық шаралар да талқыланып жатыр.

Аталған бастамалар әзірге әзірлеу және талқылау кезеңінде. 

Тағы оқи отырыңыз: «Риелторлар қызметін реттейтін заң жоқ». Вице-министр қандай өзгеріс болатынын айтты  

Қазақстандағы риелторлар: Олардың табысы қанша және жаңа талаптар не үшін керек?