Риддерге көмек. ШҚО мешіттері жәрдем берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 10 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының Лесхоз кентінде орман өрті шығып, 2 адам қаза болып, 35 баспана және бірнеше шаруашылық ғимараты өртенген еді.
Қазіргі уақытта өрт зардаптарын арылту, үйсіз қалғандарды баспанамен қамту ісі облыс әкімдігі тарапынан қолға алынып жатыр.
Осы төтенше оқиғаға байланысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы Риддер қаласына арнайы барып, мешіт тарапынан көмек көрсетілетіндігін хабарлаған болатын.
Риддердегі қиыншылық бәрімізге ортақ. Өрт тілсіз жау. Орасан зиян келгені де белгілі. Біз Риддер халқымен біргеміз, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз - деген еді Ермек Қасболатұлы.
Бас имам сонымен қатар Риддер қаласы және аудан имамдарымен бірге жиын өткізіп, зардап шеккендерге көмек көрсету жағын талқылап, нақты іс-жоспарын жасаған болатын. Қазіргі уақытта Өскемен аймағы өкілдігі «Зекет және қайырымдылық қорының» бастамасымен облыстық және аудандық, қалалық мешіттер бірлесіп Риддердегі зардап шеккендерге 2 тоннадан астам азық-түлік пен киім-кешек табыс етті.
Қазіргі таңда «Халифа Алтай» мешітінен және аудан қала мешіттерінен зардап шеккендерге көмек қабылдау орталығын іске қосылып, көмекті қабылдап жатыр. Бас имамның қатысуымен Риддерде құрбан шалынып, елдің амандығы үшін дұға жасалды - дейді мешіт қызметкерлері.