Риддерде су және электр желілері қалпына келтіріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Риддер қаласы бойынша республикалық бюджет қаражатының трансферттері есебінен бірқатар жоба іске асырылады.
Риддер қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2020 жылы қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялауға 400 млн теңге бөлінеді. Жобаның жалпы құны 2656,656 млн теңге. Іске асыру мерзімі – 2019-2020 жылдар.
Сонымен қатар қалалық бюджет қаражаты есебінен 6, 7-ықшам аудандардың магистральді электр желілеріне 10 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны – 197,585 млн теңге. Жүзеге асыру кезеңі – 2019-2020 жылдар.
Айта кетейік, осы жылы қала көшелерін реконструкциялау бойынша жоба аяқталған болатын. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 2019 жылға 221,652 млн теңге бөлінген еді.
Сондай-ақ, Риддер қаласынан Батыс Алтай табиғи қорығына дейін 6кВ электр желілері (ЭБЖ) салу бойынша жобаға осы жылы 283,193 млн теңге бөлінген. Жоба жыл аяғына дейін толық аяқталады.