Риддерде қосымша қазандықтар іске қосылады

Риддер қаласының жылу электр орталығы қысқы маусымды қосымша екі қазандықпен бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Егер станцияда қандай да бір ақау шықса жұрт жылусыз қалмайды қазандықтар резервтегі қуат көзіне қосылады. Қазір энергетиктер негізгі агрегаттарды іске қосып жатыр. Бұдан бөлек жазда 19 шақырым жылу желісі жөнделген. Биыл еліміздегі Риддер, Кентау, Қызылорда қалаларының жылу электр орталығын жөндеуге Үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде риддерлік энергетиктерге тездетуге тура келді. Өйткені, қыс қыр астында.

Сондықтан жұмыс тәулік бойы жүргізілді. Қазір мамандар станцияны қышқтан басқаруды үйреніп жатыр. Биыл жылу электр орталығына цифрлық жүйе енгізілді. Кәсіпорын қысқы мезгілге 250 мың тонна көмір дайындайды. 

Қазір станцияда 7100 тонна көмір бар. Бұл 20 күндік қор. Сонымен қатар 148 күнге жететін мазут тұр. Оның тағы 180 тоннасын күтіп отырмыз, - деді Риддер ЖЭО бас инженері Кирилл Голота.

Биыл қаладағы жылу желілерін жөндеуге республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеден аса демеуқаржы бөлінді. Оған 19 шақырым трасса ауыстырылды. Нәтижесінде станция толық қуатына көшпей тұрып, үйлердегі жылу температурасы +20 градусты көрсетіп тұр. 

Биыл үйім өте жылы. Былтыр осы кезде тоңып отырған едік. Температура 14 градусқа дейін ғана көтерілетін, - деді  Риддер қаласының тұрғыны Галина Серохвостова.

Жылу шеткі шағын аудандарда да реттелді.

Қазір жергілікті қазандықтар жөнделіп, күн суытқанша көпқабатты үйлер қосылады.Биыл жылу ертерек беріле бастайды. Сонымен қатар демалыс күндері 2-ші және 4-ші шағын аудандарының тұрғындары ыстық су мен жылуға қосылады, - деді Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев.

Өңірде алдағы жылыту маусымының дайындығына жергілікті бюджеттен 20 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалды. Оған жылу электр орталықтары мен қазандықтар жөнделді. Сонымен қатар шалғай аудандардың орталықтандырылған жүйесі қалпына келтірілді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы