Риддерде өрттен зардап шеккендерге жаңа үйдің кілттері табысталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орман өртінен зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы Үкімет белгілеген мерзімнен бұрын аяқталды.

Көктемде Риддерде жалпы ауданы 290 гектарды шарпыған өрт болып, соның салдарынан 272 гектар орман мен 30-дан астам тұрғын үй жанып кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөніндегі жұмысты жеке бақылауына алды. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Ботаника» ауданынан зардап шеккендерге арналған бір қабатты 30 үй және жергілікті көпбалалы отбасылар үшін тағы 2 үй салуды тапсырды.


24 мамыр күні Премьер-министр Асқар Мамин өрттен зардап шеккендермен кездескен болатын. Сол кезде ол үйлердің құрылысын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырып еді. Бірақ жүргізілген қарқынды жұмыстың нәтижесінде құрылыс мерзімнен бұрын аяқталды. Сонымен қатар жаңадан қоныстанушылардың барлығына алдын ала орнатылған ас үй жиһазы сыйлық ретінде берілді.


Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов өрттен зардап шеккен 11 отбасы мен көпбалалы бір отбасына үйдің кілттерін табыстады. Қалған 20 отбасы жаңа үйлеріне жақын уақытта кіреді.


Жаңа тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімінен кейін Азамат Мұхамедчинов жаңа қоныстанушыларды Құрбан айт мейрамымен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, бірлік пен бақ-береке тіледі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы