РХБҚ әскерлері жаңа үлгідегі арнайы техникалармен толықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің жарақ құрамына биологиялық барлау машиналарының заманауи кешендері келіп түсті.
«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру аясында Қорғаныс министрлігі Қазақстан әскерін техникалық мен жауынгерлік жарақтандыру мәселелерін пысықтауда. Отандық үлгідегі қару-жарақ әзірлеу басым бағыт болып табылады.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, отандық «ОТС NETWORK» компаниясы биологиялық барлау кешендерін әзірлеп шығарды. Олар әскерлердің қажеттіліктеріне қарай зияткерлік ақпараттық технологияларды қолдана отырып жобаланды.
Биологиялық сипаттағы төтенше жағдай аумағындағы арнайы техника патогендерді анықтау және оларды шұғыл талдау үшін зертхана жарағымен, жедел түсірілім жүргізуге қажетті шолу бейнекамерасымен жабдықталған. GPS/Глонасс терминалының биологиялық зақымдау аймақтарының деректерін тіркеу және жерсеріктік байланыс жүйесі арқылы мәліметтерді жедел беру мүмкіндігі бар., - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта мобильдік кешендерді жинақтау мен жұмысқа қабілеттілігін тексеру сынақтары аяқталды. Жеке құрам оларды пайдалануды оқып-үйренді. Жуырда арнайы жабдық мақсатқа сәйкес қолдану үшін әскерлерге жіберіледі.