Бүгiн 2026, 20:18 Фото: Оқу-ағарту министрлігі

РФММ-дағы грант дауы: министрлік ата-аналардың шағымына жауап берді

Ата-аналар іріктеу нәтижесінің әділ өткеніне күмән келтірген еді

Оқу-ағарту министрлігі Республикалық физика-математика мектебіндегі гранттарды бөлуге қатысты ата-аналардың наразылығына жауап беріп, конкурс қорытындысына түсініктеме берді.

Шағымдар оқуға түскендердің тізімі жарияланғаннан кейін пайда болды. Министрліктің мәлімдеуінше, конкурстық іріктеу оқыту тіліне қарамастан, бірыңғай академиялық талаптар негізінде жүргізілген. Барлық қатысушыға конкурсқа қатысу үшін тең мүмкіндік жасалған. Емтихан тапсырмалары ортақ тақырыптық мазмұнға, бірдей құрылымға және деңгейі шамалас күрделілікке сүйене отырып әзірленген.

Академиялық адалдық қағидаларын сақтау мақсатында тапсырмалар бірнеше нұсқада ұсынылып, материалдарды құрастыру мен бағалауда бірыңғай тәсіл қолданылған.

Білім гранттарының саны мен конкурстық орындар мектеп филиалдарының сыныптарды жасақтау мүмкіндігіне қарай белгіленді. Өту балы конкурс жарияланған сәтте алдын ала бекітілмейді және анықталмайды. Ол қабылдау емтихандарының қорытындысы бойынша, қатысушылардың жалпы нәтижесі мен конкурстық орын саны ескеріле отырып қалыптасады. Мұндай тәсіл объективтілік, бәсекелестік және барлық үміткер үшін тең мүмкіндік қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік өкілдері конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігіне қатысты түскен барлық өтініш пен ұсынысқа талдау жүргізілетінін айтты. Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда материалдарды қосымша зерделеу үшін салалық мамандар мен сарапшылар тартылады.

Жүргізілген талдау мен қабылданған шешімдердің қорытындысы туралы ақпарат қоғамға қосымша жарияланады. Мәселе бақылауда, – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.