Қазақстандық режиссер азиялық "Оскарды" жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Австралияның Брисбэн қаласында өткен "Asia Pacific Screen Awards-2019" сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі барысында режиссер Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильмі үшін "Үздік режиссер" номинациясын иеленді.

Әділхан Ержанов осы номинацияға ие болған ең алғашқы қазақстандық режиссер. Оның қарсыластарының қатарында филиппиндік Лав Диас, қытайлық Ван Сяошуай, палестиндік Элиа Сүлейман және тай елінен Аноча Сувичакорнпонг қатарлы танымал режиссерлар болды.

"Asia Pacific Screen Awards" (APSA) кино саласындағы ең ірі әлемдік сыйлықтардың бірі. Ол ЮНЕСКО және ФИАПФ (халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы Федерациясы) қолдауымен өткізіледі. Оны азиялық "Оскар" деп атайды.

Бұл біз үшін үлкен құрмет, мен командамыздың бірлесіп атқарған еңбегінің бағаланғанына өте қуаныштымын. Мен "Қап-Қара адам" фильмінің барлық ұжымын осы жетістікпен шын жүректен құттықтаймын! - деді режиссер.

"Қап-қара адам" фильмін "Short Brothers" және "Arizona Productions" компанияларының қатысуымен "Astana Film Fund" компаниясы түсірген. Картинаның әлемдік тұсаукесері биылғы жылдың 23 қыркүйегінде Сан-Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында өтті. Фильм қазақстандық прокатқа келесі жылы шығады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы