Резервтер, қарыз және бюджет: 2025 жылғы экономикалық теңгерім қандай?
Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасында Қазақстанның жиынтық халықаралық резервтері 125,7 миллиард доллар көрсеткішіне жетуге тиістігін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Халықаралық резервтердің молаюы теңгенің тұрақтылығын қолдауға, сыртқы қарыздарды қиналмай қайтаруға, қажет болған жағдайда экономиканы демеуге жеткілікті қаржы қорымыз бар екенінің белгісі. Ұлттық банк бұл жағдайды “елдің қаржылық тұрақтылығының берік буфері” деп сипаттайды. Біздің тілдмен айтсақ, кез келген жағдайда уайымдамай пайдалана алатын депозитіміз бар, – дейді экономист.
Белгілі болғандай, Қазақстанның сыртқы қарызы 2025 жылы біршама ұлғайып, тарихи жоғары деңгейлерге жақындады. Ұлттық банк мәліметі бойынша, 2025 жылдың 2-тоқсанының аяғында Қазақстанның сыртқы борышы 172,8 млрд долларға жеткен.
Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 2,3 млрд долларға артық, яғни сыртқы қарыз үш айда шамалы өсім көрсетті. Дегенмен, бұл жалпы сыртқы қарыз құрамына мемлекеттен бөлек, жеке компаниялардың, екінші деңгейлі банктердің және шетелдік инвесторлардың қарыз міндеттемелері де кіретінін айта кеткен жөн. Бұл дегеніміз 173 млрд доллар сыртқы қарыздың барлығы бірдей мемлекеттік қарыз емес. Мемлекеттік сыртқы борыш төмен деңгейде және үкіметтің оны басқару қабілеті тұрақты. Негізі қарыздың басым бөлігі тікелей шетелдік инвестициялармен байланысты кәсіпорындардың өзара қаржыландыруы түрінде қалыптасқан. Fitch рейтинг агенттігі де Қазақстанның мемлекеттік борышы салыстырмалы түрде төмен және сыртқы резервтері берік екенін атап өтті, – дейді сарапшы.
Соған қарамастан, жалпы сыртқы қарыздың өсу үрдісін үкімет мұқият бақылауда ұстап, қауіпсіз деңгейде ұстау маңызды. Сыртқы борыш көлемі экономиканың өсімімен салыстырмалы шамада болғаны және алынған қарыздардың тиімді пайдаланып, экономикалық қайтарымы болғаны дұрыс.
2025 жылы мемлекеттік бюджеттің табыстары айтарлықтай көбейді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері 21,6 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың кірістерімен салыстырғанда 23,4% жоғары. Мұндай өсімге экономикадағы жоғары белсенділік пен салық әкімшілендірудің жақсаруы ықпал етті. Салық түсімдері бюджеттік кірістің негізгі бөлігін құрайды. 2025 жылы барлық жиналған салықтардың көлемі 15,2 триллион теңге шамасында болады деп жоспарлануда. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға көп. Енді мемлекеттік бюджеттің кіріс жоспары артығымен орындалды деуге болады. 2025 жылдың 9 айында ғана мемлекеттік бюджет кірісі 17,3 трлн теңгеге жетіп, жоспардың 102%-ға орындалғаны хабарланды, – деді Айбар Олжай.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16% артық және шамамен 2,4 трлн теңгеге көп қаржы жиналғанын көрсетеді.
Бюджет тапшылығы бұрынғы жылдарға қарағанда шамалы азайған. Алдағы жылдары үкімет бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартып, 2030 жылға қарай бюджетті теңгерімді ету мақсатын қойып отыр. Бұл үшін шығыстардың тиімділігін арттыру әрі кірістерді одан әрі көбейту керек, – деп атап өтті сарапшы.