Резервке өте алмай қалғандар мемлекеттік қызметке шақырылады
Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің 16 белсенді жасы президенттік кадрлық резевтің іріктеу турынан сүрінбей өтті. Бұл сынға өз үміткерлігін 100-ге жуық жас маман ұсынған. Ал резервке өте алмағандар мемлекеттік қызмет саласына шақырылмақ.
Олардың қатарында 29 жастағы Алёна Шевченко бар. Жас маман Павлодар қаласындағы орта мектепте география пәнінен сабақ береді. Бес жылдық тәжірибесі бар маман осы жолы президенттік резервке өтуді көздеген, дегенмен, жолы болмады. Бірақ, мойымайды. Мұғалімнің айтуынша, резервтің кезеңдеріне қатысудың өзі - үлкен тәжірибе.
Осындай ірі жобаға қатысудың өзі ерлік деп білемін. Қатарластарымның арасында мықты бәсеке болды. Дегенмен, көңілім түскен жоқ. Болашақта осы тектес шараларға қатысуға бел будым. Болашақта мемлекеттік қызметке ауысып, еңбек еткім келеді, - дейді ол.
Алёна Шевченко жүргізушілер жанұясында өскен. Десе де, өзі мұғалімдікті қалап, педагогикалық мамандықты меңгерген. Бүгінде мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласып, тәжірибесін молайтудан жалықпақ емес. Педагог-модератор, педагогика ғылымдарының магистрі табысты ұстаз болу үшін оқушыға дос болу керектігін айтады.
Сонда ғана тіл табысып, балалар білім алуға құмарланады.
Отандық білім беру саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Мәселен, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқитын бірінші сынып оқушылары алаңдатады. Балалар балабақшадан соң мектепке келіп, біраз қиналып қалады. Жаңа орта олар үшін психологиялық аурытпалық түсірсу мүмкін. Сондықтан, мектептер мен балабақшалардың арасын жақындату керек деген ойдамын. Мысалы, біздің мектептің жанында шағын орталық бар. Балалар бірінші сыныпқа дайын болып келеді. Болашақ мұғалімдерін танып-білім, психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалады. Бұл модель өзге балабақшалар арасында да дамыса деген ниеттемін, - дейді жас маман.
ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті өкілдерінің мәліметінше, аймақта мемелкеттік қызметте 5 мыңнан астам азамат еңбек етеді. Оның ішінде 500-ге жуық лауазымның орны бос.
Сондықтан, сала мамандары тапшылықты жою үшін резервке өте алмағандарды жұмысқа шақыруды көздеуде.
Жастар резервіне өтпеген азаматтар мемлекеттік қызметке тұра алады. Бүгінде мемлекеттік қызметке орналасу процедуралары ашық әрі әділ өтеді. Біздің қатарымызға еңбеккқор, көзқарасы жаңашыл, дарынды қыз-жігіттер керек. Себебі, олар бүгінгі заман талабына сай әрекет ете алатын және кез келген өзгеріске бейімделе алады. Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік қызмет саласында бес мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 25%-і - 29 жасқа толмаған азаматтар, - дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Еске салсақ, елімізде президенттің кадрлық резервке 7312 үміткердің 300-і қабылданды.
Резервистердің 106 өкілі жекеменшік секторда еңбек ететін жастар болса, 98 үміткер - квазимемлекеттік саласының мамандары. Ал қалғаны - мемлекеттік қызметшілер.
Ал Ертіс өңірінен кадрлық резервке 16 азамат енген. Бүгінде оларға мемлекеттік басқару саласында қызметтер ұсынылуда.