Ең бір жалынды сәтімді туған жерге арнаған дұрыс деп шештім – резерв мүшесі
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған Президенттік жастар кадрлық резервінің қорытындысы жарияланып, 300 маман іріктеліп алынған болатын. Бүгінде осы құрамнан табылған жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалуда.
Солардың бірі, жақында ғана Жамбыл облысы әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып бекітілген Әбілхайыр Тамабекпен аз-кем пікірлескен едік.
– Әбілхайыр Ғалымұлы, білім-білігіне сенген кез келген маман Президенттік жастар кадрлық резервіне өткісі келеді. Алайда, аталған жобаның талаптарынан шығу тағы оңай шаруа емес. Ал сіз, сол құрамға енуге өтініш білдірген мыңдаған замандастарыңыздың ішінен қара үзіп шыққан жастың қатарындасыз. Қиын болмады ма?
– Алғашқы легте алдыңғы шептен табылғанымыз рас. Көп жас бұл жобаға тек жас мемлекеттік қызметкерлер ғана қатысты деп ойлады. Бірақ мүлдем олай емес, оған еліміздегі 35 жасқа дейінгі бес жыл еңбек өтілі бар кез келген азаматтың қатысуына мүмкіндік бар. Қателеспесем, байқау жарияланған мезетте 13 мыңнан аса азамат өтінім берген. Алайда, 7 мыңның үстінде жас толық тіркеліп, алғашқы кезеңде бақтарын сынады. Онда үміткерлер тестілеуден өтіп, мәтіні мен сандары күрделі ақпаратпен жұмыс істей алу қабілеттерін сарапқа салды. Бұдан сүрінбей өткен 904 үміткердің келесі кезеңде көшбасшылық қасиеттері, стратегиялық болжау деңгейлері бағаланды. Мұнда біз эссе жазып, әлеуметтік бағыттағы жобаларымызды таныстырдық. Ал келесі сынақ сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімеге арналды. Бұл кезеңге балл жиынтығы бойынша алдыңғы сынақтарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысушылар өтті. Әңгімелесуден соң, комиссия мүшелері дауыс беру арқылы 330 үміткердің тізімін жасап, оны Ұлттық комиссияға жолдады. Содан кейін Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау туралы шешім шықты. Ал осынша кезеңдерді қамтыған байқаудан үш жүздіктің ішіне іліну оңай болды деп айта алмаймын.
– Резервке өткеннен қандай да бір ұсыныстар болды ма?
– Иә, еліміздің түкпір-түкпірінен, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан және Алматы, Ақмола, Қызылорда облыстарынан алпысқа тарта ұсыныс түсті. Басқарма басшысы, аудан әкімінің орынбасары, бірнеше министрліктен департамент директоры секілді лауазымдарға шақырту болды. Алайда, ойлана келе туған жерімнен түскен ұсыныстан бас тарта алмадым, осында келіп қызмет етуді жөн санадым. Бұл басқа аймақтардан ұсынылған қызметтерді олқы көргендігімнен емес. Осы өңірге кіндігім байланғандығынан деп білемін. Ең бір жалынды сәтімді туған жерге арнаған дұрыс деп шештім.
– Ал Жамбыл облысынан өзіңізден басқа резервке енген жастар бар ма?
– Өңірде қызмет етіп жүрген жастарды көре алмадым. Алайда, жалпы статистикаға көз жүгірттік, Әулиеатада туып, бүгінде басқа облыс, қалаларда тер төгіп жүрген 24 жерлесіміз бар екен. Олардың бірқатары өзге аймақтарда қызметке тағайындалып үлгерді.
– Сіз әзірге Қазақстандағы ең жас басқарма басшысы болып тұрсыз. Еңбек жолыңызға үңілген көпшіліктің ішінде сізді тамыр-таныстықпен басшылық лауазымға орнықты деп санайтындар да бар сыңайлы...
– Әрине, әркімнің пікірі әртүрлі. Десе де, осындай әңгімеге ерік бергендер бір сәт ойланса екен. Өйткені, мен ешқандай да бай-бағланның баласы емеспін. Жамбыл өңіріндегі Талас ауданында тумып, өстім. Кәдімгі ауыл балаларындай май топыраққа аунап жетілдік, Ақкөл деген ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы қарапайым орта мектепте білім алып, есейдік.
Ұстаздарымның сындарлы тәрбиесі, сапалы оқытуының арқасында білім ошағын алтын белгімен бітірдім. Ата-анам әлі сол ауылдың тұрғындары, қарапайым ғана еңбек адамдары. Ал өзім шамам келгенше халқыма қызмет етуді басты міндетім деп санаймын. Олқы тұсымды түзеуге, орынды айтылған сынды қабылдауға, ашықтық принципін ұстанып, аға буыннан үлгі алуға әркез дайынмын.
– Әбілхайыр Ғалымұлы, басқарма басшысының да жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Қорқыныш, қобалжу болмады ма?
– Дана халқымыз "Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің" деген ғой, білім мен білік сай келіп тұрса, алмайтын қамалы да қалмайды. Ал қазіргі уақыт бәсекелестіктің, тәуекелдің уақыты. Онсыз бітетін ісіңнің берекесі кем. Қорқақтап, жауапкершіліктен қаша беретін болсақ, елдікке тән шаруаның шалқаюы екіталай. Жалпы мемқызметті таңдаған соң, Абайша айтсақ, халықтың қажетіне жарар бір кірпіш болып қалануды басты мақсат санаймын. Мемлекет басшысының өзі біздерге сенім білдіріп, жауапкершілік жүктеді. Енді соны ақтау жолында күш-жігерімізді, маңдай терімізді сарқамыз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың "Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын" дегені есте. Ол дәурен өтті, кетті дегенімізбен, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлерде халықтың хақысы бар. Сондықтан жұрттың қажетін қамтуға қызмет етуге тиіспіз.