"Резеңке" үй иелері 40 мың теңге емес, енді екі есе көп айыппұл төлейді
Астанада пәтеріне тым көп адам тіркеген тұрғындарға салынатын айыппұл мөлшері екі есеге ұлғаяды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кулуарда заң бұзғандарға айыппұл салынатынын айтты.
Айыппұл болады. Оның көлемі мен мерзімі әлі нақтыланып жатыр. Ол үшін Әкімшілік кодекске арнайы өзгерістер енгізу қажет, – деді Жұманғарин.
Жұманғарин бұған дейін тексеру кезінде бір үйде 800 адам тіркелгенін, ал енді тағы бір үйде 3 450 адам тіркелгені анықталғанын қоса кетті.
Вице-министр Бауыржан Омарбеков қазіргі заң бойынша пәтеріне нормадан артық адам тіркегендерге 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылғанын айтты. Алайда жаңа заң жобасында бұл соманы екі есе арттырып, 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салу ұсынылған.
Омарбековтің айтуынша, тұрғындарды заңсыз тіркеуге көмектескен халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) мамандары да жауапкершілікке тартылады.
Олардың жауапкершілігі басқа деңгейде қарастырылады. Егер жалған құжат жасау фактілері анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деді вице-министр.
Заң жобасы қабылданған жағдайда айыппұл сомасының ұлғаюы және жауапкершіліктің қатаңдауы ресми түрде бекітіледі.
Еске салсақ, Мәжіліс кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елордаға өңірлерден жұмыс істеуге келгендердің тұрғылықты жеріне тіркелу мәселесі қалай шешілетінін түсіндірді.