"Резеңке қолғап пен канистра": Шерзаттың өртеніп кеткен үйінен айғақ заттар табылды

Алматы облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде Талғарда жуырда болған қылмыстың тергелу барысына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов Талғар ауданындағы қылмысқа қатысты осы күнге дейін анықталған деректермен бөлісті. Брифингте сөз алған Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың айтуынша, тергеу шаралары толықтай заң талаптарына сай жүргізілуде. Сондай-ақ қадағалаушы орган өкілі Шерзаттың қазасынан кейін ол тұрған үйдің отқа орануы туралы да ақпараттар берді.

Өрт болған жерден маңызды айғақтар алынып, 600-ден астам адам сұралды. Сараптама тағайындалды. Өрт үй сыртынан басталған, ешқандай оқыс жағдай болмаған және сыртқы от көзі қолданылғаны анықталды. Оқиға орнында канистра мен резеңке қолғап табылған. Зерттеулер жүргізілуде. Шығын көлемі анықталып жатыр - деді Берік Адамов.

Сондай-ақ, облыс прокурорының сөзіне сенсек, жәбірленушінің жақындары мен туыстары тәулік бойы күзетке алынған. Құқық қорғау органдарының өкілдері көпшілікті тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып отыр.

Бұған дейін Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Айта кетейік, полиция Талғардағы оқиғаның толық видеосын жариялады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы