Рейсті кешіктіреді, бірақ тамақ та, қонақ үй де бермейді: Отандық авиакомпаниялар сынның астында қалды
Әуе рейстері кешіккен кезде жолаушылар ақпаратсыз әрі қорғансыз қалып отыр. Бұл туралы Еуразиялық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Светлана Романовская Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, рейстердің кешігуі кезінде жолаушыларға дер кезінде әрі түсінікті ақпарат берілмейді. Адамдар нақты не үшін төлеп отырғанын, қандай субсидиялар барын және олардың өзіне қалай әсер ететінін түсінбейді.
Тұтынушы – келісімшарттағы ең әлсіз тарап. Оның бюджеті шектеулі және ол барлық салада маман бола алмайды. Сондықтан тұтынушы құқығын қорғау тек бизнес пен жолаушы арасындағы мәселе емес, бұл жерде мемлекет те белсенді рөл атқаруы тиіс, – деді ол.
Романовская әсіресе рейс кешіккен кезде жолаушылардың құқықтары жиі бұзылатынын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда көптеген авиакомпаниялар кешігу туралы ақпаратты уақытылы хабарламайды, рейсті бірнеше рет қысқа мерзімге кейінге шегере береді. Ал заңда көзделген тамақтандыру, қонақүйге орналастыру және трансфер қызметтері көбіне мүлде ұсынылмайды.
Мен Қазақстанда рейсті ұзақ уақытқа кешіктіріп, жолаушыларға қонақүй ұсынған авиакомпанияны білмеймін. Заң бар, бірақ ол іс жүзінде орындалмайды, – деді Қоғамдық палата өкілi.
Сондай-ақ ол өтемақы төлеу мәселесінің де шешілмей келе жатқанын айтты. Заң бойынша рейс кешіккен әрбір сағат үшін өтемақы қарастырылғанымен, бұл талап іс жүзінде сирек орындалады. Оның пікірінше, авиакомпаниялар жолаушыларға лоялдылық танытып, кем дегенде өтемақыны өз еркімен төлеуі тиіс.
Бұдан бөлек, спикер жануарлар мен кәмелетке толмаған балаларды тасымалдау кезінде де көптеген шағым түсіп жатқанын жеткізді. Ал әуе тасымалының қолжетімділігі мен ашық бәсекенің дамуы, керісінше, тұтынушы үшін пайдалы болатынын атап өтті.
Осыған байланысты Светлана Романовская авиация саласындағы мәселелерді шешу үшін мемлекет, бизнес және тұтынушылар қатысатын үшжақты ашық диалог қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бағытта медиация институтын да кеңінен қолдануға болады.