Рейстер кешігуі мүмкін: Алматы әуежайы ескерту жасады
Алматы халықаралық әуежайының басшылығы қараша айының соңында ұшатын жолаушыларға алдағы күндері рейстердің кешігуі ықтимал екенін айтып, алдын ала ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әуежай мәліметінше, жақын күндері Airbus компаниясының ұшақтарымен орындалатын рейстердің кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Бұл – өндіруші компанияның барлық әуе кемелерінде бағдарламалық қамтамасыз етуді міндетті түрде жаңарту туралы талабының орындалуына байланысты.
Алматы халықаралық әуежайы авиакомпаниялармен тығыз жұмыс істеп, әуежайдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Airbus A320 ұшақтарымен орындалатын рейстердің кестесінде өзгерістер орын алуы мүмкін. Жолаушыларға өз рейстерінің өзекті мәртебесін авиакомпаниялардың сайттарынан алдын ала тексеріп отыру ұсынылады. Әуежай қызметтері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, барлық әуе рейстері халықаралық авиациялық талаптарға сай орындалуда, — деп мәлімдеді Алматы әуежайының баспасөз қызметі.
Еске салайық, Airbus компаниясы ұшу жарамдылығы туралы жаңа директива жариялап, әлемдегі барлық авиакомпанияға Airbus әуе кемелеріндегі биіктікті басқару компьютері мен операциялық бағдарламалық жасақтаманы дереу жаңартуды міндеттеген болатын.