Рейс кешіктірілсе жолаушыға қандай қызметтер көрсетілуі тиіс?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің "Ашық сағат алаңындағы" кезекті жиын әуе тасымалындағы өзекті сауалдарға арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Атап айтқанда, Zoom желісінде ұйымдастырылған басқосуда тұрақты халықаралық жаңа әуе рейстерін ашу мен осы орайда туындаған түрлі мәселелер назарға алынды.

Бейнебайланыс режиміндегі жиында "Эйр Астана", "SCAT әуе компаниясы" және "Qazaq Air" сынды отандық авиакомпаниялардың өкілдері пандемияға байланысты тоқырауға ұшыраған халықаралық тұрақты әуе желілерін қайта қалпына келтіру және ұшу географиясы аумағын кеңейту барысындағы іс-шараларды атап өтті. 

Әуе тасымалдаушы компания өкілдерінің айтуынша, ұшуды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда және бұл тарапта Қазақстанның әуе билігінің көмегіне айтарлықтай мұқтаж емес. Бүгінде халықаралық  әуе тасымалы 28 мемлекетке 115 бағыт бойынша аптасына 518 жиілікте орындалады. Әуе қатынасы орнықты жолға қойылған елдер қатарына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Греция, Египет, Үндістан, Иран, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Моңғолия, Нидерланды, БАӘ, Польша, РФ, Сауд Аравиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия және Оңтүстік Корея кіреді.

ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстандық авиа тасымалдаушылар 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықаралық әуе желілері арқылы 1,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға жоғары (0,7 млн).

ИИДМ Азаматтық авиация комитеті отандық әуе тасымалдаушы компанияларға ұшу географиясы аумаған кеңейтуді талап етуде. Қазіргі күнде бұл тарапта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Пәкістанмен әуе қатынасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ сұраныстың артуына байланысты Қазақстан, Өзбекстан және Қытайдың бірқатар қаласына жаңа бағыттар ашу көзделіп отыр. Десе де жолаушылар сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыру мүмкін болмай отыр. 

Мәселен, карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде Қытайға аптасына 3 рейс қана жасалады. Ал пандемияға дейін 40-тан астам әуе тасымалы жүзеге асырылатын. Өз кезегінде сұраныстың артуы билет бағасына да өз әсерін тигізіп отыр.

Біз Қытайдың азаматтық авиация билігіне рейс санын арттыру бойынша бірнеше рет сұраныс хат жолдадық. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттары мен рейстер санын көбейту бойынша өзбекстандық әріптестерімізге де ұсыныс білдірдік. Жуық арада Қытай, Өзбекстан және Пәкістанның авиация билігіне аталған мәселелерді жедел шешуге ықпал етуді қайта сұрайтын боламыз, – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.

Жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тақырып төңірегінде сала мамандарына өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді.

Тілшілер ұшақтардың кешігуіне байланысты болған оқиғалар турасында хабарлап, рейстер кестесін жоспардан тыс өзгертетін және тоқтататын авиакомпанияларға қолданылатын шаралар жайын қаузады. Сондай-ақ олар кешіккен рейстердің жолаушыларына көрсетілетін қосымша қызметтер заңдылығының бұзылуына байланысты мәселеге назар аударды.

БАҚ өкілінің сауалына Салтанат Томпиева жан-жақты әрі толыққанды жауап берді

Коммерциялық авиакомпания үшін ұшақтың әуеде болғаны маңызды. Себебі сонда ғана ол қаржы әкеледі. Ал оның жерде болуы шығын екендігі белгілі. Бұл тарапта әуе тасымалдаушы компаниялар ұшу рейстерінің кешігуі немесе тоқтатылуына мүдделі емес. Бұл – басы артық шығын, – деп атап өтті ИИДМ өкілі.

Салтанат Томпиева өз сөзінде заңда ұшу қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз ету мақсатында рейстерді кешіктірген авиакомпаниялар көп жағдайда жолаушыларға міндетті қызметтерді тиісті деңгейде орындамайтынын алға тартты. Сәйкесінше оларға заңнамаға сәйкес шара қолданылатын болады.  

Әрине, ұшудың кешігуі немесе ауыстырылуы көптеген қолайсыздықтар тудырады. Алайда техникалық ақаулықтар кез келген кезде орын алуы мүмкін. Тасымалдаушылар жолаушыларды рейстің ұшуын екі сағаттан артық күту кезінде алкогольсіз сусындармен қамтамасыз етуге міндетті. Ал рейстің ұшуын төрт сағаттан артық күткен кезде ыстық тамақ берілуі тиіс, – деді Салтанат Томпиева.

Рейсті күндіз алты сағат, түнде сегіз сағат күткен кезде жолушыларға тасымалдаушы ұсынған қонақүйде тұруға және тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге және кері қайту қызметтері көрсетілуі қажет. Тасымалдаушының кiнәсінен рейс кейінге қалдырылған немесе 10 сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша әуекомпания жоғарыда аталған қызметтердің барлығын көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.

 Бұл қызметтердің барлығы жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тегін көрсетіледі. Егер де тасымалдаушы компания өз міндетін орындамаған жағдайда жолаушылар Азаматтық авиация комитетіне шағымдана алады. Біз келіп түскен шағымдарды зерделеп, тиісті шешім қабылдайтын боламыз, – деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы