Рейс кешіксе немесе тоқтатылса не істеу керек? Әуе жолаушыларына нұсқаулық
Сарапшы жолаушылар жиі жіберетін қателіктер мен мұндай жағдайда әрекет ету жолдарын түсіндірді.
Ұшақ рейсінің кешігуі немесе мүлде тоқтатылуы жолаушылар жиі тап болатын мәселелердің бірі. Мұндай жағдайда көпшілік өз құқығын толық білмейді. «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский рейс бірнеше сағатқа кешіккенде жолаушылар не талап ете алатынын түсіндірді.
2 сағаттан кейін тамақ талап етуге болады
Сарапшының айтуынша, рейс кешіккен жағдайда жолаушылар бірқатар қызметтерді талап етуге құқылы.
Егер рейс кешігіп жатса, жолаушылардың белгілі бір құқықтары бар. Мысалы, шамамен 2 сағаттан кейін тамақтану мәселесін талап етуге болады, – деді Романовский.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда әуе компаниясы жолаушыларды қажетті жағдаймен қамтамасыз етуі тиіс.
4 сағаттан көп кешіксе, қонақүй беруі керек
Егер рейс ұзақ уақытқа шегерілсе немесе мүлде тоқтатылса, жолаушыларға уақытша тұратын орын ұсынылуы қажет.
Егер рейс 4 сағаттан көп кешіксе немесе кейінге қалдырылса, жолаушыға қонақүй беру мәселесі қарастырылуы керек. Әуе компаниясы күту кезеңінде тұратын орын ұсынуға міндетті, – деді сарапшы.
Ол мұндай жағдайда әуежайда күтумен шектелмей, өз құқығыңызды сұраудан қорықпау керек екенін айтты.
Кейін өтемақы талап етуге болады
Романовский рейс мәселесі шешіліп, жолаушы сапарын аяқтағаннан кейін қосымша өтемақы немесе қайта есептеу мәселесін көтеруге болатынын айтты.
Кейін белгілі бір өтемақы немесе қайта есептеу мәселесін қарастыруға болады. Ол үшін әуе компаниясына, туроператорға немесе тасымалдауға жауапты тарапқа шағым жазу керек, – деді ол.
Не істеу керек?
Сарапшы рейс кешіксе немесе тоқтатылса, мына әрекеттерді ұсынады:
әуе компаниясы өкілінен кешігу себебін нақтылау;
тамақ пен қонақүйге қатысты құқықтарыңызды талап ету;
барлық билет, чек және хабарламаларды сақтау;
кейін авиакомпанияға немесе туроператорға жазбаша шағым жолдау;
қажет болса өтемақы немесе қайта есептеу сұрау.
Оның сөзінше, көп жағдайда жолаушылар өз құқықтарын талап етпегендіктен, заңмен қарастырылған мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалады.