Рейд. Әзірге заң бұзушылық тіркелген жоқ

Шымкент қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қаладағы Қаратау ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының және жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері, Қаратау ауданы әкімдігінің бір топ мамандары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп, қаладағы қоғамдық тамақтану орындары мен сауда орындарына рейд жүргізіп қайтты.

Шымкент қаласында 7 күнде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылар саны 3,7% өсіп кетті. Осыған байланысты, халық арасында COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында қала аумағында 8 маусымнан бастап 22 маусымға дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылған болатын.

Айта кетейік, Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша 50 орыннан жоғары қоғамдық тамақтану орындарының саны 101 нысан болса, 50 орыннан төмен қоғамдық тамақтану орындарының саны – 45 нысан. Аталған 101 қоғамдық тамақтану орындарының ішінде 22 нысанды тойхана мен мейрамханалар құрайды. Жалпы, сауда орындары – 162. Оның ішінде ірі сауда орындары – 8 нысан.

Мобильді топ Қаратау ауданына қарасты Нұрсәт шағын ауданындағы нысандарға рейд жүргізуден бастады. Ең алдымен «Фатима» моншасына кіріп көрді. Мұнда кіре берісте күзетші тепловизормен келушілердің температурасын тексеріп шықты. Ресепшнде қызмет көрсетіп тұрған персонал санитарлық-гигиеналық ережеге сай маскамен, қолғаппен, бас киіммен тұрды. Келушілерге арналған дезинфекциялық кілемше, антисептик те ұмыт қалмаған.


Карантинге байланысты таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 21:00-ге дейін жұмыс істеп жатырмыз. Моншада 100 адамдық орын қарастырылған. Ерлер мен әйелдер залы бар. Бірақ қазіргі кезде бізге келушілер саны 30-40-тан аспайды. Барлық талаптарға сай сақтық шаралары қарастырылған, - деді монша бастығының орынбасары Ермұхамет Оңғарбаев.

Қаратау ауданының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Пернеева монша қызметкерлерін санитарлық талаптармен таныстырып өтті.


Біздің Қаратау ауданындағы мөлтекаудандардың барлығына мамандар бөлініп, бекітілген. Әр маман санитарлық жұмыстарды күнделікті жүргізеді. Нұрсәт шағын ауданында өздеріңіз көрдіңіздер, бірнеше нысандарға кіріп шықтық. Әрине кемшіліктер жоқ емес, бар. Әлде де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысына сәйкес санитарлық талаптардың барлығын орындау керек. Маска, қолғап болу керек, әр нысанның жеке кәсіпкері қызметкерлерін қажетті заттармен қамтамасыз етуі тиіс. Кірген кезде келушілердің температурасын өлшейтін тепловизор, дезинфекциялық кілемше болу қажет. Ғимараттың ішіне күнделікті ағымдағы тазалау жұмыстарын жүргізу керек, - деді Айнұр Амангелдіқызы.

Бұдан кейін рейд "Мадина" отбасылық кафесінде жалғасты. Мұнда кафенің администраторы Анар Сманәлі кафеге 50-ге дейін адамдардың келуіне рұқсат берілгенін, алайда келушілердің саны оған жетпейтінін айтып өтті.  

Өз кезегінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Пернеева сол жердегі қызметкерлердің санитарлық талапқа сай жұмыс істеулері керектігін түсіндірді.


Міндетті түрде бептерде, қолдарыңызда қолғап, үстеріңізде арнайы киімдеріңіз бен бастарыңызда арнайы бас киім болу керек. Өйткені, бұл қоғамдық тамақтану орны. Егер сол ережелерді сақтамаған жағдайда сіздерге бірінші түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер оны орындамасаңыздар әкімшілік шара көріледі, - деді басқарма орынбасары.

Нұрсәт шағын ауданында азық-түлік сататын "Жаңалық" дүкенінің администраторына рейд барысында ескерту берілді. Себебі, мұнда келушілерді қатаң қадағалап жатқан тәртіп пен ереже байқалмады. Кіре берісте ешкім тепловизормен адамдардың ыстығын өлшеген жоқ. Тұрғындар дүкенге маскасыз кіріп-шығып жүрді.


Тепловизор екі күн бұрын сынып қалды, жөндеуге бердік. Екі күннен бері температура тексеріп жатқан жоқпыз. Дүкенге үш адамнан артық ішке кіргізбейміз. Қыздар бар, есікте қадағалап тұрады. Тұрғындар маскасыз кіреді. Кірген кезде  шығарып жібереміз. Талаптарды барынша сақтаудамыз. Халық та наразы. Келген клиенттер өзімізбен ұрсып кетеді. Маска кимейміз, аллергиямыз бар, жүрегіміз ауырады, мынадай ыстықта тағып жүре алмаймыз дейді. Ондай адамдарды біз сабырға шақырамыз. Қазір таңғы сағат 10:00-ден кешкі 21:00 жұмыс істеп жатырмыз, - деді дүкен адинистраторы Раушан Ділдәбекова. 

Бұдан кейін журналистерден құралған мобильді топ "Мадлен" тәттілер сататын дүкен желісіне бас сұқты. Мұнда да санитарлық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін дүкен қызметкерлеріне түсіндіріп, қаулыны көрсетіп шықты.

Адамдар күн ысып кетті деп бетпердені кимей немқұрайлы қарап жатыр. Бірақ біз оған қарамастан санитарлық талаптарды орындауымыз керек.  Коронавирус дүниежүзілік ауру болып тұр. Сол себепті міндетті түрде бетперде тағу керек. Кемшіліктер шыққан кезде қолымыздағы хабарламаны жеке кәсіпкерге көрсетіп, таныстырып, қол қойдырып кетеміз. Ертеңіне сол нысанға келген кезде тағы да сол кемшіліктер қайталанатын болса, 462 тармақпен әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа өткізіледі. Аудан бойынша Төтенше жағдай болған кезде әкімшілік шара қолданып сотқа өткізген жағдайлар болды. Қазіргі кезде әкімшілік шара әлі қолданған жоқпыз. Тек ескерту берудеміз. Ал айыппұлды әкімшілік сот шешеді. Біздің міндетіміз, тек кемшілікті анықтап, хаттама толтырып, әкімшілік сотқа өткізу. Ары қарай соттың шешімімен белгілі болады, - деді А.Пернеева.

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша қазіргі кезде карантиндік режимді сақтау, міндетті түрде бетперде, қолғап, бастарында бас киім, кірген кезде дезинфекциялық кілемше, келген адам қолын антисептикпен залалсыздандырып кіру керек. Әрбір нысанның иесі немесе администраторы келгендерді бетпердесіз кіргізбеу қажет. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 23.00-ге дейін бекітіліп, орындықтарды орналастыру және басқа да талаптардың қатаң орындалуын, кәсіпкерлерді меншік нысанына қарамастан карантиндік және санитариялық-эпидемияға қарсы талаптарының орындалуын күшейтуге шақырды.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандарының айтуынша, күн сайын мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Ауданда қоғамдық тамақтану орындарында әзірге кемшіліктер шыққан жоқ, ал дүкендерден кемшіліктер шығып, ескертулер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы