Бүгiн 2026, 11:53 Фото: Polisia.kz

Рейд, дрон, жаза: Қарағандыда тазалыққа қарсы 12 мың заңбұзушылық әшкереленді

Жыл басынан бері Қарағанды облысында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзудың 12 мыңнан астам дерегін тоқтатты.

Өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел анықтау мақсатында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып, тұрғындармен тиімді кері байланыс жолға қойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Заңды тұлғалардың жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Іргелес аумақтарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін 92 ұйым басшысы жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылар қатарында сауда нысандары, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындары, жанармай құю станциялары, техникалық қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ құрылыс алаңдары бар.

Тұрғын үй қорын басқарушы ұйымдардың қызметі де бақылауда. Аула аумақтарын тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны және мұзды уақытылы тазаламағаны үшін 5 ПИК (ОСИ) басшысы мен подъезд бойынша жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды.

Стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін полиция департаменті ұшқышсыз ұшу аппараттарын тиімді пайдалануда. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 72 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылып, белгіленбеген орындарға қалдық төккен 34 жүк көлігінің жүргізушісі анықталып, ұсталды.

Халықпен өзара іс-қимыл – жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Облыс тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы арнайы интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы хабарлай алады. Түскен хабарламалар негізінде 80 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Соңғы бір апта ішінде ғана аумақтық бөлімшелер шамамен 1 900 құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, бұрын берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін 17 субъект қайтадан жауапкершілікке тартылды.

Қарағанды қаласының Ново-Майқұдық секторында ауыр жүк көліктерінің төрт жүргізушісі ортақ пайдаланылатын жолдарға ластанған дөңгелектермен шыққаны үшін заң аясында жауапқа тартылды.

РТИ индустриялық аймағында Shacman автокөлігінің жүргізушісі де тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккені үшін жазаланды.

Сондай-ақ 12 сәуірде рұқсатсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған Shacman жүк көлігінің жүргізушісі жауапқа тартылып, көлік құралы құқық бұзушылық салдарын толық жойғанға дейін арнайы айып тұрағына қойылды.