16 Қыркүйек 2026, 10:11 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Корея технологиясы, Қазақстан ресурсы: Жаңа өндірістік серіктестік не береді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады.

Сапар аясында өнеркәсіп, энергетика, критикалық минералдар, көлік пен логистика, жасанды интеллект және жаңа технологиялар мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақ-корей бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы критикалық минералдар саласында «ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынып, шикізатты жай экспорттаудан гөрі толыққанды өндірістік тізбек қалыптастыру қажеттігін айтты.

Қазақстан үшін бұл бағыттардың маңызы қандай? Екі ел арасындағы жаңа серіктестік экономикаға және қарапайым азаматтарға қандай нәтиже беруі мүмкін? Осы мәселелер жөнінде BAQ.KZ тілшісі Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Нұрғазы Ануарбековпен әңгімелесті.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Нұрғазы мырза, Қазақстан мен Корея арасындағы қазіргі қарым-қатынасты қалай бағалар едіңіз? Соңғы бастамалар екі ел серіктестігінің жаңа кезеңге өткенін көрсете ме?

– Менің бағалауымша, Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастар бүгінде дәстүрлі дипломатиялық және сауда байланыстарынан анағұрлым кең, мазмұны терең стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп келеді.

Бұған бірнеше фактор негіз болып отыр. Біріншіден, екі ел арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог тұрақты сипат алды. Екіншіден, экономикалық күн тәртібі де өзгеріп келеді, бұрынғыдай тек сауда мен инвестиция көлемін ұлғайту емес, бірлескен өндірістер құру, технология трансфері, өнеркәсіптік кооперация және жоғары технологиялық салаларға шығу мәселесі алдыңғы орынға шықты.

Мәселен, қазіргі таңда Қазақстан мен Корея өнеркәсіп, энергетика, жасанды интеллект, критикалық минералдар, көлік және логистика бойынша нақты жобаларды ілгерілетуге басымдық беріп отыр.

Сондықтан мен мұны серіктестіктің жаңа кезеңі деп бағалар едім. Оның басты ерекшелігі «сауда жасау» моделінен «құн қалыптастыратын бірлескен өндіріс пен технологиялық серіктестік» моделіне көшу.

Президент кездесуде сирек кездесетін металдар, энергетика, логистика және жасанды интеллект салаларын ерекше атады. Неліктен дәл осы бағыттар Қазақстан мен Корея ынтымақтастығының негізгі тірегіне айналып отыр?

– Бұл бағыттардың таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда екі елдің экономикалық артықшылықтарының табиғи толықтыруы жатыр.

Қазақстан үшін басты артықшылық – табиғи ресурстар, энергетикалық әлеует, географиялық орналасу және транзиттік мүмкіндіктер. Ал Кореяның негізгі капиталы – технология, инженерлік құзырет, өндірістік менеджмент және жаһандық нарықтарға шығу тәжірибесі.

Сирек және критикалық минералдар мәселесінде Қазақстан өз ресурстық әлеуетін кореялық технологиямен ұштастыра алады. Бұл жерде мақсат тек кен өндіру емес, сонымен қатар, барлау, өндіру, өңдеу, жоғары қосылған құнды өнім шығару тізбегін қалыптастыру болуы тиіс. Елімізде сирек металдарды терең өңдеуге және жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорындар құру бойынша стратегиялық міндет қойылып отыр.

Энергетикада екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы дәстүрлі энергетикамен шектелмейді. Жаңартылатын энергия, жасыл сутегі, аммиак, энергия тиімділігі және декарбонизация технологиялары да перспективалы бағыттар болып отыр.

Ал жасанды интеллект – экономиканың барлық секторын өзгертетін жаңа технология. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның AI саласындағы ынтымақтастығы цифрлық экономиканы ғана емес, өнеркәсіп, медицина, логистика, мемлекеттік басқару және білім беру жүйесін де қамтуы мүмкін.

Яғни, бұл төрт бағыттың ортақ сипаты олар болашақ экономиканың құнын қалыптастыратын секторлар.

Қазақстан «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынып отыр. Бұл тәсіл еліміздің тек шикізат жеткізуші емес, дайын өнім шығаратын мемлекетке айналуына қаншалықты мүмкіндік береді?

– Меніңше, бұл – Қазақстанның қазіргі экономикалық саясатындағы ең маңызды логикалық өзгерістердің бірі.

Бұрынғы модельді шартты түрде «ресурс - экспорт» деп сипаттауға болатын еді. Қазір біздің мақсатымыз: «ресурс – технология – өңдеу – өндіріс – экспорт» тізбегін құру.

Мұнда Кореяның тәжірибесі ерекше маңызды. Өйткені Кореяның экономикалық тарихы ресурсы шектеулі мемлекеттің технологияға, адами капиталға және өнеркәсіптік саясатқа сүйеніп, жоғары қосылған құнды экономика құра алғанын көрсетеді.

Қазақстанның міндеті – кореялық капиталды ғана емес, сол капиталмен бірге технологиялық құзыретті, инженерлік мәдениетті, өндіріс стандарттарын және басқару тәжірибесін тарту.

Сондықтан «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделі іске асса, Қазақстан үшін жаңа экономикалық архитектура қалыптасуы мүмкін. Мысалы, критикалық минералды тек экспорттау емес, одан аккумулятор компоненттерін, машина жасауға қажетті материалдарды немесе басқа да жоғары технологиялық өнімдерді шығару мәселесі қойылады.

Бірақ мұнда бір маңызды шарт бар, локализация нақты болуы керек. Яғни, Қазақстанда өндіріс орнының болуы ғана емес, оның ішінде жергілікті кадр, жергілікті жеткізушілер, ғылыми-зерттеу компоненті және кейіннен экспорттық әлеует болуы маңызды.

– Корея технологиялық жағынан өте дамыған мемлекет. Қазақстан кореялық инвестициямен бірге технология мен өндірістік тәжірибені де елге әкелу үшін қандай шарттарға басымдық беруі керек?

Бұл жерде Қазақстан үшін басты мәселе, инвестиция көлемін ғана емес, инвестиция сапасын бағалау.

Менің ойымша, бірнеше шартқа басымдық берген дұрыс.

Біріншісі – технология трансфері. Бірлескен кәсіпорын құрылған кезде оның технологиялық құзыреті Қазақстанда біртіндеп қалыптасуы керек.

Екіншісі – кадр даярлау. Кореялық компаниялармен бірге инженерлерді, технологтарды, менеджерлерді даярлайтын дуалды білім беру және корпоративтік оқыту бағдарламаларын кеңейту маңызды.

Үшіншісі – жергілікті қамту. Қазақстандық шағын және орта бизнес кореялық өндірістердің жеткізу тізбегіне қосылуы қажет.

Төртіншісі – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар. Қазақстанда тек дайын технологияны пайдалану емес, уақыт өте келе өзіміздің инженерлік және зерттеу құзыретімізді қалыптастыруымыз керек.

Бесіншісі – экспорттық бағдар. Қазақстандағы бірлескен кәсіпорын тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін кәсіпорын емес, Орталық Азияға, Кавказға, Еуропаға және басқа нарықтарға шығатын өндірістік платформаға айналуы тиіс.

Қазіргі Қазақстан-Корея диалогында дәл осы технологиялық және өнеркәсіптік кооперация мәселесінің алдыңғы орынға шығуы маңызды белгі.

– Кореяны Орта дәлізді дамытуға белсенді қатысуға шақыру Қазақстан үшін қандай экономикалық және геосаяси мүмкіндік береді? Бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөлін күшейте ала ма?

– Әрине, күшейте алады. Бірақ Орта дәлізді тек теміржол немесе транзит бағыты ретінде қарастыру дұрыс емес. Оның стратегиялық мағынасы әлдеқайда кең.

Қазақстан үшін Орта дәліз – елдің географиялық артықшылығын нақты экономикалық капиталға айналдыру мүмкіндігі.

Кореяның қатысуы бұл жерде үш тұрғыдан маңызды.

Біріншіден, Корея – әлемдік деңгейдегі технологиялық және индустриялық держава. Оның логистика, порт инфрақұрылымы, цифрлық басқару және интеллектуалды көлік жүйелеріндегі тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы.

Екіншіден, Кореяның өндірістік компаниялары үшін Қазақстан Орта Азия нарығына ғана емес, Еуропа мен басқа да нарықтарға шығатын өндірістік және логистикалық хаб бола алады.

Үшіншіден, Орта дәліздің дамуы Қазақстанның геоэкономикалық маңызын арттырады. Себебі жаһандық жеткізу тізбектері қайта құрылып жатқан қазіргі жағдайда мемлекеттер үшін балама, сенімді және тиімді көлік бағыттарының болуы стратегиялық факторға айналды.

Сондықтан біздің мақсатымыз – Қазақстанды жай ғана «транзиттік аумақ» емес, логистика, қоймалау, кедендік рәсімдеу, цифрлық сервистер және өндіріс тоғысқан Еуразиялық хабқа айналдыру.

Кореяның Пусан сияқты әлемдік логистикалық орталықпен тәжірибесі бұл тұрғыдан ерекше қызықты. Қазақстан мен Пусан арасында логистика, инновация және AI бойынша технологиялық әріптестік мәселелері де талқыланып келеді.

Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестіктің күшеюінен қарапайым азаматтар қандай нақты нәтиже көруі мүмкін?

– Бұл – ең маңызды сұрақ. Өйткені кез келген сыртқы экономикалық саясаттың түпкі нәтижесі азаматтардың тұрмысынан көрінуі тиіс.

Ең алдымен – сапалы жұмыс орындары. Егер Қазақстанда кореялық технологияға негізделген жаңа өндірістер ашылса, тек жұмыс орындарының саны емес, олардың сапасы да артады. Инженерлік, техникалық, цифрлық және басқарушылық мамандықтарға сұраныс көбейеді.

Келесі нәтиже – білім мен адами капитал. Кореямен ынтымақтастық арқылы қазақстандық студенттер мен жас мамандардың тағылымдамадан өтуі, бірлескен білім беру бағдарламаларына қатысуы және заманауи технологияларды меңгеруі кеңеюі мүмкін.

Тағы бір нәтиже – технологияның күнделікті өмірге енуі. Бұл медицина, көлік, су ресурстарын басқару, цифрлық мемлекеттік қызметтер, білім беру және «ақылды қала» технологиялары арқылы сезілуі мүмкін. Мысалы, Қазақстанда кореялық медициналық технологиялар мен басқару стандарттарын трансферттеуге бағытталған жобалар да талқылануда.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа нарықтарға шығуы. Қазақстандық компаниялар кореялық өндірістердің жеткізу тізбегіне қосылып, өз өнімдерін Корея нарығына және үшінші елдерге экспорттау мүмкіндігіне ие болады.

Сондықтан Қазақстан-Корея қатынастарының тиімділігін тек инвестиция көлемімен немесе келісімшарттардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Негізгі өлшем – осы серіктестік Қазақстан экономикасының технологиялық деңгейін көтерді ме, жаңа өндіріс құрды ма, қазақстандық маманның біліктілігін арттырды ма және азаматтардың әл-ауқатына нақты әсер етті ме деген сұрақтар.

Меніңше, қазақ-корей серіктестігінің келесі кезеңінің басты философиясы да осы болуы керек: Корея үшін – сенімді ресурстық және өндірістік серіктес Қазақстан, Қазақстан үшін – технологиялық жаңғыру мен индустриялық дамуға мүмкіндік беретін Корея. Ал екі ел үшін ортақ мақсат болып өзара тәуелділікті емес, өзара толықтыруды күшейтетін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік құру табылады.

Еске салсақ, Қазақстан мен Корея бірқатар маңызды ынтымақтастық құжаттарына қол қойды.

Белгілі болғандай, Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалы ашылады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.