Реставрацияның орнына евроремонт жасап қойған. Депутат ескерткіштер қирап жатқанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде тарихи ескерткіштерді ретке келтірмесек, жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондай-ақ ескерткіштердің реставрация мәселесін де шешу қажеттігі көтерілді.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың және елдің мәдени әлеуетін дамытудың кейбір мәселелері туралы» комитеттің тақырыптық отырысында айтты.
Өздерің жақсы білетіндей, 18 сәуірде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. 1984 жылдан бері UNESCO-ның деңгейінде осы күн ескерткіштерді қорғау мақсатында аталып өтіледі. Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты да осында. Бірақ еліміз апатты жағдайда тұр. Бірақ министрлікті де, әкімдікті де тыңдасақ, бізде бәрі жақсы. Миллиардтаған қаражаттар бөлініп жатыр, ол игеріліп жатыр. Бірақ ахуал өте апатты деп айтуға болады. Сондықтан кемшіліктер өте көп. Оны Мәдениет және спорт министрлігі де, әкімдіктер де жақсы біледі, - деп атап өтті депутат.
Оның сөзінше, егер жұмысты ретке келтірмесе, онда мақтанып жүрген ескерткіштерімізді жоғалтып алуымыз мүмкін.
Әлемге 7 «Алтын адам» таптық деп жар саламыз. Бірақ қаншама ескерткіштерімізді жоғалтып жатқанымызда есеп жоқ. Ескерткіштердің 5/1 ғана есепте. Өкінішке қарай, бұл жұмыс кейінгі қалып жатыр. Өйткені негізгі жауапкершілік, инспекция әкімдіктерге берілген. Бұрын республикада болған. Енді әкімдіктердің жасап жатқаны – міне осы. Сондықтан бүгінгі мәселенің үлкен сұрағы – инспекцияны министрлікке қайтару. Ия, Мәдениет комитетінің жұмысы көп екені түсінікті. Бірақ ескерткіштерді қорғау үшін мүмкін инспекция ретінде бөлек комитет не департамент құру керек шығар. Бұл жұмысты жергілікті органдармен және қоғамдық ұйымдармен, халықпен бірігіп істемесе, онда біз бәрін жоғалтып аламыз. Өйткені жаппай вандализм белең алып барады, - деп толықтырды Берік Әбдіғалиұлы.
Мәжілісмен атағандай, ШҚО-да алтын шығып жатыр, оны қазып жатырмыз деп мақтанамыз, бірақ оны халық қана көріп жатыр.
«Ана жерде қорған бар, біз де барып қазайықшы» деп тракторымен барып қаза бастайды. Осылайша Үкімет бір бөлек алтын іздеумен кетті, халық та бір бөлек алтын іздеумен кетті. Мұндай жағдай әсіресе ШҚО-да көбейіп барады. Осының салдарынан қаншама ескерткішті жоғалтып жатырмыз. Олардың не тапқанын білмейміз. Бәрі сыртқа кетіп жатыр, - деп мәселені көтерді ол.
Депутат атап өткендей, ескерткіштер – біздің рухани байлығымыз.
Егер біз ескерткіштерге немқұрайлы қарай берсек, ертеңгі күні рухани құлдырауға әкеледі. Ескерткішімізді, туған жерімізді, бабаларымыздың тарихын бағаламасақ, онда ұлттық болашағы бұлыңғыр. Мен тек археологияны ғана айтып отырған жоқпын. Мысалы, Қапалда қандай әдемі ғимараттар бар. Бірақ қирап жатыр. Татарлардың, саудагерлердің үйлері – ондай ағаштан ойылып жасалған үйлер Қазақстанда жоқ. Оларды сақтап салуды облыс басшылығына да айттық. Талдықорғанға барғандарды Қапалға апарсын, қандай әдемі ғимараттары, тарихы бар. Құлайын деп тұрған 4-5 үй бар. Соны сақтап қалса дұрыс болады. Өткенде Семейде үлкен тарихи ескерткішті кәсіпкер сатып алып, бұзып тастады. Әрбір өңірде сондай ғимараттар бар. Елордамыздың өзінде кезінде «долларды» (Қаржы министрлігі ғимараты) соғамыз деп, саудагерлердің екі қабатты үйлерін бұзып тастады, - дейді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың пікірінше, министрліктің құзыретін кеңейту керек. Ол арнайы департамент немесе инспекция құруды ұсынды.
Ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Оны жоққа шығармаймын. Алайда кемшілігі де өте көп. Өңірлердің реставрацияның орнына евроремонт жасап қоятынын көп айтып жатады. Ол ескерткішті осыдан кейін тіпті UNESCO-ға да енгізе алмайсың. Ондай ескерткіштердің жағдайын өз көзіммен көрдім. Мамандар жеткіліксіздігі туралы айтады. Ол да үлкен мәселе. Бұл проблеманы шешу үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесеп, реставрациямен айналысатын мамандарды даярлайық, - деп атап өтті депутат комитет отырысында.