Республикалық жолдардағы жол апаттары 9%-ға азайды – «ҚазАвтоЖол»
Компания жол қауіпсіздігі мәселесін нақты статистика мен әрбір жол апатының себептерін талдау негізінде бағалау қажет екенін атап өтті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің жол-көлік оқиғаларына қатысты мәлімдемесіне жауап берді.
Компания жол қауіпсіздігі мәселесін нақты статистика мен әрбір жол апатының себептерін талдау негізінде бағалау қажет екенін атап өтті.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 1371 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оларда 332 адам қаза тауып, 2587 адам зардап шеккен. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол апаттары 9%-ға, қаза тапқандар саны 17%-ға, зардап шеккендер саны 9%-ға азайған.
Компания жол апаттарының негізгі себептері ретінде жылдамдық режимін сақтамау, қарсы жолаққа шығу, қауіпті басып озу, мас күйде көлік жүргізу, ауа райы мен жол жағдайын және көліктің техникалық жай-күйін атады.
Жол қауіпсіздігін арттыру үшін орташа жылдамдықты бақылау жүйелері, бейнебақылау камералары, ақпараттық таблолар және жарық шағылыстырғыштар енгізілуде. Компанияның мәліметінше, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі орнатылған учаскелерде жол апаттары 17%-ға азайған.
«ҚазАвтоЖол» жол қауіпсіздігі барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі екенін айтып, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың нақты ұсыныстарын қарауға дайын екенін мәлімдеді.