Республикалық жолдарда неге ұялы байланыс жоқ?
Ақтөбе облысында жыл сайын жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінгенімен, бүгінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарда ұялы байланыс жоқ, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жолы аппараттық жиында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аталған мәселелерді назарға алып, жолға және ұялы байланысқа жауапты мекеме басшыларының жұмысын сынға алған еді. Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, биыл жыл басында облыстағы 9 ауданда ұялы байланыс нүктелерін орнату жұмыстары жүргізілген. Бұл нүктелердің барлығын «Kcell» АҚ орнатқан.
Біз әкімдіктерден қажетті құжаттарды жинау және өңдеу жұмыстарын жедел бастауды сұрап жатырмыз. Одан кейін аудандарда инфрақұрылымдық жұмыстарды жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен қаражат бөлінуі қажет. Мысалы, бір құжаттаманы дайындауға 8-10 млн теңге керек, - дейді ол.
Оның айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарды ұялы байланыспен қамту үшін кемінде 7-8 ай уақыт қажет. Демек бұл жұмыстардың барлығы жыл аяғында аяқталады. Демек, әзірге облыс аумағынан өтетін жолаушылар ұялы байланыссыз жүреді.
Ал Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, былтыр жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 75%-ға жеткен.
Бұл мақсатқа бюджеттен дейін 53,5 млрд теңге бөлінді. Ал биыл 48,1 млрд теңге қаражат қарастырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген қаржы мөлшері -11,7 млрд теңге, - дейді ол.