Бүгiн 2026, 16:48 Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Республикалық референдум қорытындылары мен елдің даму бағдары жастармен бірге талқыланды

Референдум аясында қабылданған жаңа Конституцияның басты принциптерін айқындап, маңызды нормаларын жастарға жалпақ тілмен түсіндірілді.

“Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында республикалық референдум қорытындылары мен Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуының алдағы бағыттарына арналған сараптамалық талқылау өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара барысында жастардың әлеуметтік-саяси үдерістердегі рөліне, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және оларды елдің дамуына тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгін жастармен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен эксперттік алаң өткізіп жатырмыз. Референдум аясында қабылданған жаңа Конституцияның басты принциптерін айқындап, маңызды нормаларын жастарға жалпақ тілмен түсіндірдік, - деді “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева.

Ол зерттеу орталығының деректеріне сәйкес жастардың басты құндылықтарын атап, олар жаңа Конституцияда мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарына айналғанын айтты.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Жастардың басты құндылығы – отбасы құндылықтары. Екінші орында денсаулық пен ішкі тепе-теңдік мәселесін көтеріп келе жатыр. Үшінші орында жастардың әлеуетін арттыру мәселесі және білім беру траекториясына да ерекше көңіл бөліп жатыр. Сондықтан жаңа Конституцияның преамбуласынан бастап, 3-бабында көрсетілгендей білім, ғылым, технология сияқты салалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатындағы басты стратегиялық бағыттары болып айқындалған, - деді орталық директоры.  

Талқылауға Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау да қатысты.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Әлеуметтік желілер арқылы жастардан Конституцияның ғылым мен білімге әсері қандай болады, цифрлық қауіпсіздік қалай жүзеге асады деген сияқты көптеген сұрақтар келіп түсті. Бүгін осы сұрақтардың жауабын беру мақсатында келіп тұрмыз, – деді депутат.

Ол өз баяндамасында Әділетті Қазақстан қағидатына, отбасы құндылықтары мен экологияға қатысты және ғылым мен білімге қатысты түзетулерге тоқталды. Сондай-ақ Нұргүл Тау жастарға әсіресе цифрлық қауіпсіздікке қатысты түсіндіру толыққанды жүргізілуі керек деп санайды.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Әсіресе цифрлық қауіпсіздікке қатысты жастар көбірек білуі керек. Олар әлеуметтік желідегі ақпараттың бәрін шын деп ойлайды ғой. Ол жалған ақпарат болуы мүмкін. Сондықтан қандай ақпаратқа сеніп, нақты қай кезде өзінің көзқарасын білдіруі керегін жастар түсінуі тиіс. Өйткені көптеген жастар арандату құрбаны болып жатыр, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, ашық пікірталас форматындағы сараптамалық талқылауға мемлекеттік органдардың, сараптамалық және академиялық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ студенттер мен жастар ұйымдары қатысады.