Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 14 мыңнан аса оқушы қатысады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 14 369 оқушы қатысады. 14-22 ақпан аралығында өткен аудандық іріктеу кезеңдердің қорытындысы осындай. Олимпиаданың облыстық кезеңі 24 наурызда басталып, 30 наурызға дейін жалғасады. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Еске сала кетейік, биыл ҚР БҒМ «Дарын» орталығы республикалық олимпиаданың барлық кезеңін электронды форматта өткізіп жатыр. Бұл зияткерлік жарысты өткізудің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Электронды форматты енгізу аудандық олимпиадаға қатысушылар тарапынан 90-нан астам түрлі бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Мысалы, оқушылар тапсырмаларды шешу үшін смартфондарды пайдалануға тырысты. Бірақ біз мұндай әрекеттерге тосқауыл қойдық. Аудандық, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысушылар еліміздің намысын әлемдік деңгейде қорғайтынын түсіну маңызды. Сол себепті жеңістер де, нәтиже де әділ болуы керек. Ал біз өткен жылғыдай халықаралық олимпиадаларда рекордтық медальды жеңіп алу үшін барлық қажетті дайындық жұмысын жүргіземіз, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.
Айта кетейік, олимпиаданың облыстық кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 9-11 сынып оқушылары өтті. Оның ішінде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 6 288, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 8 081 оқушы. Оның 3 481-і ауыл мектептерінің, 3 495-і аудан мектептерінің, 10 888-і қала мектептерінің оқушылары.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада прокторинг жүйесін пайдалана отырып, Oqylyq платформасы арқылы өтіп жатыр. Оқушыларға тапсырмаларға қол жеткізу үшін жауап парағы, жеке логин және пароль беріледі. Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Сондай-ақ жарыстар бейнеге жазылып, тікелей эфирі жүргізіледі.
Айта кетейік, ҚР БҒМ «Дарын» РҒПО – еліміздің дарынды оқушыларын анықтау, дамыту және кәсіби қолдау саласындағы флагманы. Бүгінгі таңда орталық әртүрлі деңгейдегі 70-тен астам пәндік олимпиадаларды ұйымдастырып, өткізеді.
Былтыр қазақстандық мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда Қазақстан қоржынына 26 медаль әкелді.
Мемлекет басшысы дарынды балаларды қолдау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Министрлік ҰБТ тапсырмай-ақ біржолғы сыйлықақылар мен білім беру гранттарын беруді ұсынды. Алтын медаль иегерлері 1 500 АЕК, күміс медаль – 1 000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық алады.
Сонымен қатар жеңімпаздарды дайындаған педагог-тренерлерге де ақшалай сыйлық беріледі.