Республикалық маңызы бар күре жолдарда 12 отандық технология сынақтан өтуде

Көлік министрлігі жол құрылысы саласына жаңа технологияларды енгізу жұмысын тұрақты негізде жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Саланы дамыту аясында «ҚазжолҒЗИ» АҚ пилоттық режимде жол құрылысында қолданылатын материалдар мен инновациялық технологиялардың бірыңғай базасын іске қосты. Басты мақсат – автожолдардың сапасын жақсартып, сала ашықтығын қалыптастыру.

Қазіргі уақытта базаға 112 өнім атауы енгізілді. Оның 37-сі «жасыл мәртебе» (зертханалық және мониторингтік бақылаудан өтті), 23-і «сары мәртебе» (зертханалық сынақтардан кейін тәжірибелік учаскелерде бақылау), ал 52-сі «сұр мәртебеге» (бастапқы зертханалық сынақтардан өткен өнімдер) Деректерді жүйелеу автомобиль жолдарының қауіпсіздігі мен сапасын арттыратын ең тиімді шешімдерді анықтауға және пайдалануға көмектеседі.

Тәжірибелік учаскелерде биыл бірқатар отандық әзірлеме сынақтан өтіп жатыр. ҚазжолҒЗИ ғалымдарының соңғы әзірлемелерінің қатарына жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмайтын Qsmart-PM битум және асфальтбетон модификаторы (Қапшағай-Күрті трассасының учаскесінде сынақтан өткізілуде), -25°С дейін төзімді және экологиялық тұрғыда таза QSmart-AntiGlaze көктайғаққа қарсы реагенті («Астананы айналып өту» автожолының учаскесінде сынақтан өтуде) және жол таңба сызуға арналған QSmart-RoadPaint («Алматы-Бішкек» трассасындағы тәжірибелік учаске) жатады.

Сондай-ақ Қазақстанда QELAST модификаторы, «АльфаДоб» адгезиялық қоспасы, сонымен бірге топыраққа арналған түрлі қоспалар, Go Green суық асфальты мен герметик сынақтан өткізілуде.

Аталған технологиялар міндетті түрде екі жыл ғылыми-техникалық сынақтан өтеді.

Бірыңғай базаны құрып, одан әрі толықтыру жұмыстары жолдарды жөндеу және салу шығындарын азайтуға, мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Көлік министрлігі
Өзгелердің жаңалығы