Республикалық күре жолды жөндеу мәселесі өзекті - Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Жетісу аймағының транзиттік әлеуеті өте жоғары. Өңірдің бұл әлеуетін толық пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Алдымен апатты жағдайда тұрған 15 көпірді жақын арада ретке келтіру қажет. Жолдарды күтіп ұстау және жөндеу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында болуға тиіс. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырамын», - деді ол.

Президент Үкімет пен әкімдікке жол жөндеу жұмысына қатысты тапсырмалар берді.

«Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық күре жолды жөндеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл – өте маңызды жол. Сондықтан, Үкімет пен әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын алдағы 2 жылдың ішінде аяқтауды тапсырамын. Қажетті қаражатты шұғыл қарастыру керек.

Ең алдымен, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Алайда, құрылыс та созылып кетпеуге тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысына және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жан түршігерлік көрсеткіш, - деді Президент.

Президент көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру керектігін де айтты.

Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өліміне әкеп соқтырған әрбір жол апатын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, азаматтардың амандығы және қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс. Жол құрылысы кезіндегі жемқорлық пен селқостықты түбірімен жою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек»

«Сонымен бірге, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру керек. Рөлге отырған әрбір адам жол ережесін қатаң сақтап, барынша мұқият болуы өте маңызды. Жолдағы қауіпсіздікке мемлекет пен азаматтар бірдей жауапты. Бұл – ортақ міндет», - деді ол.
 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы