Республикалық ғылыми жобалар конкурсына 4 мыңға жуық оқушы қатысып жатыр
Елімізде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінің екінші туры өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, тестілеуге 3095 жобамен 3870 оқушы қатысуда, оның ішінде командалық жобалар саны – 776.
Тестке 9-11 сыныптардың оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылған 3 деңгейден тұратын 60 тапсырма кіреді. Оларды орындауға 2 астрономиялық сағат беріледі.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тестілеуге «Адалдық алаңы», өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері, мектептің қамқоршылық кеңесінің бір төрағасы шақырылады.
Айта кетсек, конкурстың бірінші (мектепішілік) кезеңіне 26 038 оқушы 22 324 жобамен тіркелді, оның ішінде 3714 - командалық. 26038 қатысушының 8870-і ауыл оқушылары. Облыстық кезеңнің бірінші турына 6605 жобамен 7956 қатысушы, оның ішінде қазақ тілінде – 4812 жобамен 5880 оқушы қатысты.